Хабар телеарнасы

Мамандар: Әлемдік экономиканың құбылуының бір себебі – COVID-19

Блумберг сарапшыларының пайымынша, індет кесірінен әлемдік экономика 2,7 трлн доллар шамасында зардап шегеді. Коронавирустың ошағы Қытайда індеттен соңғы тәулікте 22 адам қайтыс болды. Бірақ вирусты жұқтырғандар саны азайған. Дерт кешеден бері тек 40 тұрғыннан анықталды. Тіпті соңғы бір аптада елдің 27 провинциясында бірде-бір кеселді жұқтыру оқиғасы тіркелмеген. Уханьда емделіп шыққандар саны күн сайын артуда. Жалпы елде індеттен 58 мыңнан астам науқас айығып шыққан.

Лю Кай, дәрігер:

- Біздің ауруханадағы науқастардың көбі сауығып келеді. Жағдайлары тұрақты. Күн сайын ондаған адам емделіп шығып жатыр. Біздің бөлімнің өзінде 30-дай науқас жазылып үйлеріне қайтты. Дәрігерлер науқастарға қолдан келгенше көмегін көрсетіп, ем-дом жасауда.

Коронавирустан Италияда соңғы бір тәулікте 133 адам қайтыс болды. Дерттен көз жұмғандар саны 366-ға жетті. Жұқтырғандар 1300-ге артып, дертке шалдыққандар 7370-тен асты. Осылайша Апеннин түбегі коронавирустың таралуы бойынша Қытайдан кейін ІІ орынға шықты. Аурудың өршуіне байланысты елдің солтүстігіндегі 15 провинция 3 сәуірге дейін карантинде. 16 млн адам тұратын өңірлерге кіріп-шығуға тыйым салынған. Барлық мектеп, оқу орны, мұражай мен спорт залы жабылды.

Джузеппе Конте, Италия премьер-министрі:

- Біз ұлттық деңгейдегі төтенше жағдаймен бетпе-бет келіп отырмыз. Енді індеттің таралуын бәсеңдету үшін және біздің дәрігерлер бұл дертпен күресе алмайтындай жағдай туындап кетпес үшін шұғыл шешім қабылдадық. Яғни тыйымды көбейттік. Бұл шектеулер қоғамда қолайсыздық туғызатынын түсінеміз. Бірақ басқа амал жоқ. Түптеп келгенде ол шешім халықтың денсаулығын сақтауға бағытталғанын бәрі түсінеді деп ойлаймын.