Хабар телеарнасы

Елордада қаланы қардан аршуға атсалысып жүрген 300-дей әйел бар

Арасында көпбалалы аналар да бар. Олар құбылмалы ауа райында бел жазбай жұмыс істейді.

Ғайни Есмағамбетова қолына күрек ұстағалы 20 жыл болды. Елорданың тазалығына жауапты. Өз ісіне берілген жан. Қаланы қардан тазартып жүрген жеріне барып, арнайы құттықтадық. Арқаның аязында аянбай еңбек еткен аяулы ана ұсынған бір гүліміз бен ыстық лебізімізге жылынып қалды.

Ғайни Есмағамбетова, жұмысшы:

- Мейрам күндері жұмыс істей береміз. Қаланың тазалығы бізге байланысты ғой. Қала таза болса, көркейіп жатса, біздің де жақсылығымыз ғой. Еңбек етіп жатқанымыз көзге көрінеді. Күннің суығына, ыстығына қарамаймыз. Жүре береміз.

«Жүре береміз» деп тұрғаны жұмысшының жары өзімен бірге істейді. Екеуі бір бригадада. Бала кезден таныс. Осылайша Нәсіп Дауылбаев өзінің бала махаббатына үйленіп, отбасын құрған.

Еңбекқор отбасының шаңырақ көтергеніне 40 жыл. Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырды. Балаларынан 4 немере мен 5 жиен сүйіп отыр. Отағасы бүгінгі мерекені елеусіз қалдырмайды.

Нәсіп Дауылбаев, жұмысшы:

- Гүл беремін. Үстелін жасап, шайын қойып беремін. Қолымнан келгенді істеймін. Ең бастысы жүрегімді бердім. Басқа не керек?

Өздеріне жұмыстары ұнайды. «Көше тазалап жүрміз», – деп түңілмейді. Көңілдері тоқ. Бәлкім содан болар, отағасы жарымен жиі әзілдеседі. Бұл жолы Нәсіп Дауылбаев қар күреп жүріп, бантик тауып алған екен. Оны жарына былай ұсынды.

Ерінбей еңбек еткен отбасының пейілі кең. Өзара осылай әзілдесіп, жұмыс істейді. Айта кету керек, бас қалада нәпақасын күректен тауып жүрген 300-дей әйел бар.

Авторлары: Бірлік Берікұлы, Дәурен Жұрқабаев