Хабар телеарнасы

Таяз көлдерде аэрация жұмыстары қызу жүріп жатыр

Оған қардың мол жауғаны да себеп. Енді қазір мұз астындағы балықтарға оттегі жетіспей жатыр. Табиғат жанашырлары өңірдегі су қомайларын ауамен байыту шараларына кірісіп кетті. Бір ерекшелігі биыл бұл іске волонтерлер да қолғабыс жасап жатыр.

Александр Ухов өңірде алғашқылардың бірі болып балықшылардың кооперативін құрған. 2006 жылдан бастап бірнеше көлді жалға алып, бүгінде кәсібін дөңгелетіп отыр. Қыс мезгілінде апта сайын аксиометрдің көмегімен мұз астындағы ауаның мөлшерін қадағалайды. Қажет болса, аэрация жұмыстарын жүргізеді.

Александр Ухов, көлді жалға алушы:

- Негізінен шортан, шабақ, тұқы сынды балықтарды өсіріп, оларды эспорттаймыз. Бұл су маржандары аса күтімді қажет етеді. Ал қазір кей көлдердегі судың бір литрінде оттегінің көлемі 2 мг жетпей жатыр. Сондықтан оларды ауамен байытамыз. Биыл бұл жұмыстарды атқаруға бізге волонтерлер көмектесіп жатыр.

Бүгінде су қоймаларының бетіне 40 см-ден астам мұз қатып, оның үстін омбы қар басты. Сондықтан биылғы қыс су жәндіктері үшін қиынға соқты.

Самат Қайырденұлы, тілші:

- Қардың қалың түсуі адамдарға ғана емес, сонымен қоса балықтарға да ыңғайсыздық туғызып жатыр. Мәселен, кейбір көлдегі ақ ұлпаның қалыңдығы 50 см-ге дейін жеткен. Ал бұл өз кезегінде су астындағы оттегінің тиісті деңгейде таралуына кері әсерін тигізеді.

Аэрация жұмыстары негізінен тереңдігі 5-6 метр болатын таяз көлдерде жүрзіліп жатыр. «Себебі мұндай су қоймаларында оттегі қоры тым аз», – дейді мамандар.

Қуантай Сәлімов, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтың инспекциясы бөлімінің жетекшісі:

- СҚО бойынша 2,5 мыңнан астам көл бар. Оның ішінде 400-ден астамы осы балық шаруашылығымен айналысуға жарамды. Бүгінгі күнге дейін шамамен 20-25 су айдынында осындай іс-шаралар өткізілген.

Өңірде 350-ге жуық көл жалға берілген. Былтыр су қоймаларында осындай тиісті жұмыстарды атқармағандармен 9 келісімшарт бұзылды.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов