Хабар телеарнасы

Ертіс өңірінің жұртшылығы әйелдер мерекесін тойлауды бастады

Мысалы күніне мыңдаған жолаушы тасымалдайтын қаладағы трамвай басқармасы тосын шара бастап кеткен көрінеді. Олар жолаушыларын көктемнің шуақты мерекесімен құттықтап, таң-тамаша етті.

Трамвай басқармасының мамандары жолаушы қыз-келіншектерді осылай жылы қарсы алды. Мерекелік көңіл-күймен қатар, мерекенің нышаны қызғалдақтарды тарту етті.

100-ден астам қыз-келіншек тәулік сайын рельсті көлікті тізгіндеуге шығады. Қазіргі таңда қала тұрғындарын үздіксіз тасымалдайтын трамвай басқармасында 600-ден астам маман еңбек етсе, олардың басым бөлігі әйелдер. «Сондықтан оларға күнде алғыс айтсақ та, аздық етер», – дейді ерлер қауымы.

Абзал Қабдраш, трамвай басқармасының өкілі:

- Трамвайға келген әрбір жолаушыға осындай сыйларды тарататын боламыз. Біз аяулы аналарымызды, қыздар қауымын, сұлуларымызды трамвай басқармасы жолаушыларын қуанту мақсатында кішігірім сыйлық жасап, «Көктемгі комплимент» деп аталатын акцияны бастадық.

Әзірге қала ішінде гүл іздеп, әлек болған ер-азаматтар тым аз. Ал гүл өсіруші мамандар мерекеге дайындық үстінде. Мамандар гүлдер саудасы қызатын сәтке әу бастан сақадай сай.

Лариса Белолипетская, гүл сатушы:

- Мейрамға түгел дайынбыз. Жүздеген гүл шоғын әкелдік. Әйелдер үшін бұл күн бақытқа толы болу керек. Раушан, қызғалдақ, орхидея. Сұранысы жоғары гүлдердің бәрі бар.

Роман Шепелев, Павлодар қаласының тұрғыны:

- Сүйікті жарыма гүл сатып алдым. Орхидея – мәңгілік махабаттың нышаны. Көпке сақталсын деп, осындай тірі гүлді таңдадым. Бұл мереке әйелдер қауымына шаттық әкелсін деп тілеймін.

Қысы қытымыр Павлодарға көктем кеш келеді. Бүршік атып, қар кете қоймаса да, мерекенің жақындағаны сезіліп-ақ тұр.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков, Алексей Омельницкий