Хабар телеарнасы

Кореямен арадағы әуе қатынасы тоқтайды

Себебі Оңтүстік Корея коронавирустың таралған елдер арасында І санаттағы А деңгейіне енгізілді. Бұл туралы еліміздің Денсаулық сақтау министрі мен бас санитарының қатысуымен өткен брифингте айтылды. Алдағы уақытта Сеулден қатынайтын ұшақтарға тек Қазақстан азаматтары ғана мінгізілетін болады. Жалпы Оңтүстік Корея елінде бүгінге дейін 35 мыңнан астам адам вирусты жұқтырған.

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың айтуынша, аталған елдерде инфекцияның таралуы күн санап 2-3% артады. Дегенмен бұған дейін талай айтылған кеңестерге құлақ аспай, отандастарымыз коронавирус анықталған елдерге сапар шегетін көрінеді. Сондықтан қауіпсіздікті күшейту мақсатында құзырлы органдар шетелден келгендерді карантинге отырғызуға мәжбүр. Елдегі зертханаларда 11 тест жасалып, ешбірінде вирус табылмаған. Яғни еліміз бойынша коронавирус диагнозы ешкімге қойылған жоқ. Қазақстанда карантинге жатқызуға қажетті емдеу орындары жеткілікті. Тағы бір айта кетері, карантинге жатқызылған адам вирус жұқтырған адам болып есептелмейді. Карантиндегілердің көбі – қазақстандықтар. Сондықтан мамандар тек ресми ақпаратқа сену керектігін ескертеді.

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Карантиннің негізгі мақсаты – жалпы еліміздің денсаулығын сақтау. Сонымен тағы айтатыным, фейк ақпараттарға сенбеңіздер. Әр сағат, әр минутта телефондарыңызға «былай емделіңіз былай сақтаныңыз» деп түрлі ақпарат келеді. Оған сенбеңіздер!

Жандарбек Бекшин, ҚР Бас санитарлық дәрігері:

- Үйдегі карантин бөлек бөлмеде орналастырылады. Сондықтан ең бірінші талап үйде аз адам болу керек. Үй карантиніне орналасқан азамат ол ең біріншіден далаға шықпайды. Көп адамдар жиналатын қоғамдық орындарға бармайды. Қоғамдық көлікпен пайдаланбайды.