Хабар телеарнасы

Бір адамға 10 данадан артық маска сатылмауы тиіс

Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының бас директоры Арнұр Нұртаев осындай бастама көтеруде. Айтуынша, осындай шектеу жасамай, қазіргі сұранысты қамту мүмкін емес. Шындығына келгенде, тапшылық орынсыз байбаламға салынудан туындап отыр. Оның үстіне мамандар вирустан маска емес, қарапайым тазалық сақтау ережелері құтқаратынын айтуда.

Медициналық заттардың ішінде бетпердемен өзімізді толық қамтуға қауқарлы болатынбыз. Осыдан тура бір ай бұрын қазақстандық дәріханаларда 9 млн дана бетперде болған. Бүгін қалғаны - 1 млн. Мамандар тұрғындар байбаламға салынып, қазір аса қажет болмаса да, осы тауардың 30 млн данасын сатып алуға әзір екенін айтады.

Арнұр Нұртаев, Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының бас директоры:

- Қазақстанда маска шығаратын 4 кәсіпорын бар. Олардың тәуліктік қуаты – 180 мың. Сонда айына 6 млн дана маска жасайды. Сұраныс артып отырған соң, бетперделерді шетелге экспорттауға қазір тыйым салынған. Жалпы масканы сау адам емес, суық тию, тұмау сынды инфекциялық ауруға шалдыққан науқастар тағуы керек. Осыны ескермей, тұрғындарымыз масканы жаппай сатып алып қолдан тапшылық жасап жатыр.

Еліміздің медициналық мекемелеріндегі қызметкерлермен науқастарға арналған маскаға байланысты жағдай тұрақты. Дәл қазір олардың қоймасында 7,5 млн дана бетперде бар. Бұл көлем ондағы сұранысты артығымен жабады. Мамандар «Дәріханаларда медициналық масканы 1 адамға 10 данадан артық сатпау керек» деген бастама көтеруде.

Гүлмира Мұхамеджанова, Медициналық бұйымдарды өндірушілер қауымдастығының төрайымы:

- Маска дәріханаларда да жеткілікті болуы үшін үкіметтік деңгейде түрлі шара ойластырылуда. Өндіріс өзімізде бар. Мәселе біз сырттан сатып алатын шикізатта болып тұр. Оның құны коронавирус басталғалы 16 есе қымбаттап кетті. Сондықтан масканың бағасы өсіп жатыр. Қазір оның бір данасы 80-100 теңге шамасында.

Ал инфекционист мамандар қандай вирус болсын, одан маска емес, тазалық сақтау құтқаратынын айтуда. Күлкілі естілсе де, түшкіріп не жөтелгенде ауызды жабу керек.

Динагүл Баешова, ҚР бас инфекционист дәрігері:

- Вирус қақырықта, түкірікте болады. Ол өзінен-өзі ұшып жүре алмайды. Немқұрайлық болмау керек.

Жоғарыда айтылған маман кеңесі – кез келген инфекциялық аурулардың алдын алудың амалы. Брифингте коронавирустың бар-жоқтығын анықтайтын Қазақстандағы орталықтардың жұмысы жайлы да айтылды.

Динагүл Баешова, ҚР бас инфекционист дәрігері:

- РНК-ны табу үшін арнайы әдіс бар. Біздің елде сондай диагностика бар.

Ал коронавирустың бар-жоқтығын анықтайтын орталықтар қазір елордада және Алматы қаласында жұмыс істеп тұр. Тиісті тестілер қажет болса, өңірлерге де жеткізіледі. Ең бастысы, оның белгілі бөлігі өзіміздің отандық ғалымдар ойлап тапқан әдіспен дайындалған.

Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Сұлтан Қалдыбеков