Хабар телеарнасы

«На луне» фильмі 12 наурыздан бастап үлкен экранға шығады

Алматыдағы «Chaplin» кинотеатрында фильмнің алғашқы көрсетілімі болды.

Фильмнің алдын ала көрсетілуіне Егор Кончаловский Мәскеуден арнайы ұшып келіпті. Ол көрермендермен кездесуінде әрдайым: «Қазақстан менің – екінші Отаным», – дейді. Бұл жолы да сөзін содан бастады.

Егор Михалков-Кончаловский, режиссер:

- Қазақстан маған жат мекен емес. Бұл – менің нағашыларымның елі. Менің балалық шағым да осында өтті. Ал режиссер ретінде айтар болсам, Қазақстан Ресей кинонарығы үшін маңызды.

«На луне» деп аталған фильмнің алғашқы 10 минуты қазіргі жастардың, әсіресе дәулетті отбасы балаларының өмірін суреттейді. Аңдамай от басып, ата-анасын тығырыққа тіреген ерке баланы әкесі қоғамнан оқшаулап, қымбат көлік, сұлу бикеш түгілі ғаламтор да жоқ жерге апарып тастайды. Қолына күрек ұстап көрмеген Глеб мұндай  қиындыққа төтеп бере алар ма екен?

Егор Михалков-Кончаловский, режиссер:

- Фильмде мен әлеуметтік теңсіздікті көрсеткім келді. Бұл – қазір қоғамдағы ащы шындық. Жауапкершіліктен қашу, «жоқ» деген сөзді естігісі де келмейтін ұрпақ... Айналадағы болып жатқан оқиғаның барлығына бейжай қарау, баланың 18 жасына ең соңғы үлгідегі қымбат көлікті сыйға тарту... Бүгінде бақуатты адамдардың арасында осындай бақталастық пайда болды. Ал оның ақыры кейде бақтсыздыққа душар етіп жатады. Сондықтан адамдар бір сәт ойлану керек сияқты.

Драмалық триллер бар-жоғы 23 күнде түсіріліпті. Оқиға желісінен бұрын философиялық ойға ерекше мән берілген кинотуынды Ресейде оң бағасын алған. Ал енді қазақстандық көрермендер бұл фильмді 12 наурыздан бастап «Chaplin» кинотеатрынан көре алады.

Авторлары: Алуа Маханбет, Мұхит Құдықбаев