Хабар телеарнасы

Елімізде 1 айда 5 мың отандық көлік сатылды

Өзімізде жасалатын көліктерге деген сұраныс осы күні анағұрлым артқан. Себебі Үкімет тарапынан тиісті шаралар жасалды. Несиелер беріліп жатыр. Көлік құрастыру саласы мұндай қарқынмен дамитын болса, біздің елде алдағы уақытта әлемдік брендке айналған өзге де темір тұлпарлар шығуы мүмкін.

Осы жылдың алғашқы айында 5 мыңнан астам отандық көлік сатылды. Пайда аз емес, – 45 млрд теңге. Бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 10% көп. Ал ел аумағында өткен жылы құны 360 млрд теңгеге тең келетін, 50 мыңнан астам техника құрастырылды.

Артур Мискорян, «Қазавтоөндіріс» бірлестігінің стратегиялық жоспарлау жөніндегі директоры:

- 2017 жылдан бастап сатылым көлемін қалпына келтіру жұмыстары жоспарлы түрде жүзеге асып келеді. Естеріңізде болса, құлдырау 2014 жылы болған еді. Қазіргі таңда Қазақстанда жиналған автокөліктерге сұраныстың артқанын көреміз.

Соңғы жылдардағы көрсеткіш көлемі көңілге қонымды. Десе де осыдан 6 жыл бұрын сатылымға шыққан темір тұлпарлар саны 2 есе көп болатын. Өндірушілер сол межені қайта бағындыру үшін тынбай еңбек етуде. Одан бөлек жеңілдетілген несие саясаты жанданды. Өзімізде құрастырылған көліктер 4% беріле бастады. Күні бүгінге дейін 20 мың азаматымыз темір тұлпарларды арзан несиемен алған.

Артур Мискорян, «Қазавтоөндіріс» бірлестігінің стратегиялық жоспарлау жөніндегі директоры:

- 2019 жылы отандық өндірушілер 45 мыңға жуық көлік сатты. Оның 11% жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы бойынша берілді. Былтыр шілде айында Үкіметтің қаулысымен мемлекеттік органдарға шетелдік көліктерді сатып алуға және жалға алуға тыйым салынды.

Елімізде алдағы уақытта Nissan, Renault, Volkswagen шығарылуы бек мүмкін. Әзірше отандық мамандар Lada, Kia, Hyundai секілді брендтерді құрастырып жатыр. «Қазавтоөндірістің» мәліметіне сүйенсек, импортталған көліктің орташа бағасы – 11 млн теңге. Өзімізде құрастырылғандардың құны 40% төмен. Мамандар алдымен ішкі нарықты қамтамасыз етуге басымдық берген жөн деп отыр.

Олег Алфёров, көлік өндірісінің сарапшысы:

- Өткен жылдың қорытындысы бойынша ішкі нарықтың үлесі айтарлықтай ұлғайған. Бүгінде сатып алушылардың 2/3 отандық темір тұлпарларды тізгіндеуді құп көреді. Соның арқасында Қазақстандағы алғашқы ең ірі «Азия Авто» зауыты қысқа мерзімде өз өсімін ұлғайтты.

Өзгелер бір көлік алуға зар болып жүргенде еліміз түтінсіз техниканы қолданысқа енгізуді жоспарлап жүр. Қоршаған ортаны ластамау үшін ескі көліктерді утилизацияға өткізуге болады. Ол үшін темір тұлпар қожайынына 350 мың теңгенің сертификатын береді. Енді мамандар шекті бағаны жарты млн-ға дейін көтеруді жоспарлайды.

Авторлары: Бірлік Берікұлы, Айбын Құсанбеков