Хабар телеарнасы

Коронавирус белгілері Чернавцы қаласының тұрғынынан табылды

Қытайдан таралған жұқпалы індет бүгінде 70-ке жуық елге таралып, 90 мыңнан астам адамға жұқты.

Дерек Ау – Гонконгтегі коммерциялық емес ұйымның менеджері. Эпидемияға байланысты ол жанұясымен 2 апта бойы далаға шықпай отыр. Жергілікті компаниялар өз қызметкерлеріне үйден жұмыс істеуге нұсқау берген. Қазір бұл аймақта мектептер, мәдени нысандар мен демалыс орындары жабық.

Дерек Ау, Гонконг тұрғыны:

- Сіздерге азық-түлік сақтайтын сөрелерді көрсетейін. Тұрғындар тамақ сатып алуға тырысып, дүкендер босап қалған кезде уайымдамадық. Бізде бірнеше аптаға жететін азық-түлік дайын. Алаңдамауға болады. Қажетті заттардың барлығы бар. Алайда бір өкініштісі: жақындарымызбен, туыстарымызбен кездесе алмай отырмыз.

Қызметкерлердің үйде отырып жұмыс істеуін Twitter әлеуметтік желісі де қолдады. Компанияның Гонконг, Жапония және Оңтүстік Кореядағы қызметкерлері қашықтан жұмыс істеуге міндеттеліп отыр. Өзге елдегілер де осындай тәртіпке көшуі мүмкін.

Коронавирусқа қарсы шараларды Оңтүстік Корея да күшейтті. Ел президенті Мун Чжэ Ин үкімет отырысын өткізіп, министрлердің төтенше жағдайға дайын болу керектігін ескертті. Қауіпті вируспен күреске 25 млн доллар бөлінбек. Қазір мұнда дертке шалдыққандар саны 5 мыңнан асты. 30 жуығы қайтыс болды.

Тегеранның қазіргі көрінісі осындай. Айнала жым-жырт. Індеттен үйрейленген жұрт үйінен шықпайды. Жұмысты да қашықтан істеуге көшкен. Ал азық- түлікті үйге жеткізіп беру қызметі арқылы ғана алдыртады. Денсаулық сақтау министрінің жуырдағы мәлімдемесінен кейін жұрт одан сайын дүрліге түсті. Оған сүйенсек, Иранда бір тәулік ішінде коронавирусты жұқтырғандар саны 500 адамға артқан. Осы дерттен көз жұмғандар саны бойынша Қытайдан кейін екінші орында тұр.

Әзірге емі табылмаған дерттің кесірі Токиода өтетін жазғы Олимпиадаға тиіп, 4 жылда бір өткізілетін шара кейінге қалдырылуы мүмкін. Бұған дейін «Бас спорттық дода көрермендерсіз өтуі ықтимал» деген ақпарат тараған еді. Бүгін Халықаралық олимпиада комитеті өкілдері Лозаннада бас қосып, мәселені талқылауға кірісті.

Авторы: Меруерт Жақан