Хабар телеарнасы

Отандық ғалымдар 6 күннің ішінде коронавирусты анықтайтын тест ойлап тапты

«Адамзаттың білімі толысты, технология дамыды», – десек те, індеттің алдында әлемдік қауымдастық қауқарсыздық танытып отыр. Коронавирус көрші Ресей мен Укринаға енді. Қазақстан дін аман. Осыған дейін өзге елдерден келіп, «коронавирусты жұқтырды» деген күдікке ілінген 250 қазақстандықтың анализдері арнайы тесттен өткізілді. Айта өту керек, коронавирусты анықтайтын тест жүйесін қазақстандық ғалымдар 6 күннің ішінде ойлап шығарған. Бұл – отандық ғылымның сөзсіз жеңісі. Қазақстандық ғалымдар ДДСҰ жариялаған COVID-19 вирусының геномдық ақпаратын пайдалана отырып синтез жасаған. Ұлттық биотехнологиялық орталықтың мамандары өз өнімдерінің қытайлық не ресейлік тесттерден еш кем түспейтінін айтып отыр.

Қасым Мұқанов, Ұлттық биотехнология орталығы бас директорының орынбасары:

- Ақпанның 26-сына дейін 507 пациенттен алынған үлгілер зерттелді. Нәтижесінде ешкімнен індет анықталған жоқ. Ресей Федерациясынан алынған тест жүйелерімен салыстырдық. Сынақтарды екі әдіспен салыстырғанда, тепе-тең, бірдей болып шықты. Яғни біз әзірлеген тесттік жүйенің дүниежүзілік тесттік жүйелер сипаттамасы мен қасиетінен түк айырмашылығы жоқ. Қазір бұл жүйе күнделікті қолданысқа енген.