Хабар телеарнасы

Инфекционист: вирустан маска емес, мәдениет құтқарады

Отандық өндірушілер бетперде өндірісіне мықтап бет бұрды. Осылайша өндіріс қуатын қосымша 1 млн-ға арттырмақ. Қазір тәулігіне 170 мың дана медициналық маска шығаратын 5 кәсіпорын Жамбыл, Алматы облыстарында және Шымкент, Алматы қалаларында орналасқан.

COVID-19 инфекциясынан маска емес, мәдениет құтқарады. Еліміздің бас инфекционист дәрігері қазақстандықтарды түшкіру және жөтелу мәдениетін қатаң сақтауға шақырады. Себебі анықталғандай бұл вирус түрі адамның түкірігі арқылы келесі адамға өте оңай жұғатын болып шықты. Ол үшін инфекцияның тыныс алу мүшелеріне енуі шарт емес, яғни науқас адам түшкірсе не жөтелсе, келесі адамға оның түкірігі, қолы не бет терісі, тіпті киімі арқылы да жұғатыны анықталып отыр.

Динагүл Баешова, ҚР Бас инфекционист дәрігері:

- Мен бір бейнежазба көрдім. Кореяда кезектегі адамдар бір-біріне жақын тұр. Өте көп адам жиналып, осылайша бір-біріне жұқтырған болар деп ойлаймын. Қазіргі күні вирус жоқ болғанның өзінде де бізге топтасып, жиналмау керек. Тойлар маусымы келе жатыр. Егер біз немқұрайлы қарасақ, вирусты жұқтыру ықтималдығы жоғарылайды.