Хабар телеарнасы

Елордалық тұрғын жылу үнемдеудің әдісін тапты

Бұл тұрғын кім? Мұндай идея қайдан пайда болды?

Үйдің іші жап-жарық. Теледидар, компьютер, тоңазытқыш, барлығы қосылып тұр. Энергия тегін, өйткені. Осы күнге жету үшін Ғаділжан Асанов 3 жылын жұмсаған. Себебі күн батареялары мен қосымша құрылғылар арзан емес.

Ғаділжан Асанов, қала тұрғыны:

- Сатып алған құрылғының бағасы сапасына байланысты. Мендегі инвертор аккумуляторсыз істей береді. Күн барда тікелей энергия алуға болады. Ал бұлтты болып күн түспесе, тиісті энергияны жиналған қуат көзінен аламыз.

Ғаділжан Асанов энергияға ақша төлеу керек деп бас қатырмайды. Коммуналдық қызметтің құнын осылай үнемдеп отыр. Аспан ашық болса, сол ең бастысы.

Көпқабатты тұрғын үйге күн батареясын орнатудың өз тәртібі бар. Қондырғылар көше емес, аула жақтағы қабырғада болу керек. Көршілерден және ПИК-тен рұқсат алу міндетті.

Галина Павлухина, жеке пәтер иелігінің есепшісі:

- Бізге Қажымұқан 28-де тұратын Ғаділжан Асанов деген кісі өз бастамасымен келді. Күн батареяларын орнатуға рұқсат сұрады. Ол пәтер өзінің жеке меншігі болғандықтан, біз қарсы болмадық. Тек, көршілердің келісімін міндетті түрде алуы керек екенін айттық.

Бұл қабырғада 12 панель бар. Біреуінің салмағы – 13 кг. Алып жатқан аумағы да кең. Сондықтан тұрғындар боран соқса, құлап кетеді деп қауіптенген. Ал қондырғыны орнатқан мамандар: «Сапасы сын көтереді, кепілдік береміз», – деп сендірді.

Денис Цацин, кәсіпорын директоры:

- Орнатылған батареялардың жалпы салмағы – 150 кг. Ұзындығы – 6 метр. Бекіту тетіктері бұдан да көп салмаққа есептелген. Яғни шыдамды. Себебі біз Нұр-Сұлтан қаласының ауа райын ескердік. Қатты дауыл мен қалың қар жауса да, төтеп бере алатындай етіп орнаттық.

Марат Есімсейітов, тұрғын:

- Қондырғының қауіпсіз екендігіне көз жеткізу үшін мықтап орнату керек. Мысалы кей пәтерлер кондиционерлерді де орнатып жатыр ғой. Салмақтары ұқсас болуы да мүмкін. Сондықтан алаңдауға негіз жоқ.

Ғаділжанның бұл бастамасына көршілері қызығушылық танытып жатыр. Тұрғын өз жобасымен бөлісуге де дайын. Тек күн сәулесі түсіп тұрса, болды.

Авторлары: Бірлік Берікұлы, Айбын Құсанбеков