Хабар телеарнасы

Өңір тынысы: Ақмола, Қостанай облысы және СҚО елді мекендеріне тасқыннан қауіп төніп тұр

Ең қауіпті аймақтар – Ерейментау, Целиноград, Аршалы, Астрахань, Атбасар мен Сандықтау аудандары. Қазір облыста көктем маусымына дайындық басталды. Қауіп төнген жағдайда топан судың жолын бөгейтін 6 тоннадан астам инертті материал дайындалған. ТЖД бастығының айтуынша, тасқынмен күреске 2 мыңдай маман дайын. Қажет болса, оңтүстік өңірлерден құтқарушылар көмекке келуі тиіс.

Алексей Советов, облыстық ТЖД басшысы:

- 979 техниканы даярлап қойдық. Әзірге барлық ауданда қар шығарылуда. Инерттік материалдар, жанар-жағармай мен қап та әзірленуде.

Биыл Қостанай облысында қардың қалыңдығы былтырғы мөлшерден 135% жоғары. Осыған байланысты көктемде 96 елді мекен су астында қалуы мүмкін. Қазірдің өзінде әр елді мекен бойынша жоспар әзірленген. Техникалар сайланып, керек-жарақтар дайындалған. Бұл мақсатқа арнайы қордан 7,5 млн теңге қаралып отыр.

Виктор Ионенко, Қарасу ауданының әкімі:

- Су тасқыны аудандағы 14 елді мекенге қауіп төндіріп тұр. Бірінші кезекте қар тазарту жұмыстарына мән берудеміз. Бұл шаралар наурыздың 8-іне дейін жалғасады. Одан соң арықтарды, су өткізу құбырларын тазартуға кірісеміз. Ал мұз жару жұмыстары наурыз айының соңында басталады. Негізінен су тасқынынан қауіп сәуір айының ортасында күшейеді деп болжап отырмыз.

Ал СҚО-да биыл 92 елді мекенге тасқыннан қауіп төніп тұр. Оның 18-і Есіл өзенінің бойында орналасқан ауылдар екен. Әсіресе қар күрт ерісе, Заречный кенті, Былғары зауыты, Ойқала, Копай және Береке аудандарында орналасқан жер үйлер су астында қалуы мүмкін. Қазір 2700-ден астам тұрғыны бар 230 баспана қатаң бақылауда.

Рамиль Қамалов, облыстық ТЖД бастығы:

- Бүгінде облыс орталығынан тәулігіне 10 мың текше метр қар шығарылады. Бұл әрине өте аз. Сондықтан осы бағыттағы жұмыстарды күшейтетін боламыз. Мұнымен қоса қала шетінде орналасқан 5 мыңға жуық саяжай учаскесіне де қауіп төніп тұр. Қазір мұнда 250 адам тұрып жатқандығы белігілі болды. Оларға түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз.