Хабар телеарнасы

Елорда іргесінде қар төгуге арналған 4 арнайы орын бар

Қазір елорданы қардан тазарту жұмыстары күндіз-түні жүріп жатыр. Оған 1 181 техника мен 307 жұмысшы тартылған. Әсіресе көшелер мен жаяу жүргіншілер жолы, қоғамдық орындар және тағы басқа нысандар басты назарда. Бірақ жұмысшылар неге үлгермей жатыр? Олардың күн тәртібі қалай жоспарланады?

Бірлік Берікұлы, тілші:

- Таңғы сағат 08:00. Мұнда Есіл ауданын қардан тазарту жұмыстарына жұмылдырылған техникалар жиналады. Қалаға қардың көп түсуіне байланысты жұмыс екі ауысыммен атқарылып жатыр. Мәселен, таңғы сағат 09:00-ден кешкі 18:00-ге дейін жұмыс істейді.

Бір күнде бір ауданнан 240 камаз қар шығарылады. Қала көшесіне қарап, олай ойламайсыз, әрине. Бірақ көзге көрінбейтін жұмысты өз көзімізбен көрдік. Үйшіктей үйінді сыйымдылығы 20 тонна болатын жүк көлігіне оп-оңай тиеліп кетті. Ақ ұлпаны арқалаған жүк көлігі қала сыртына бет алады.

Жүргізушілерге қаладағы кептеліс кәдімгідей кедергі келтіретін көрінеді. Сол үшін «автобус жолағын уақытша пайдалануға рұқсат берілсе» дейді. Бұл тасымал уақытын айтарлықтай үнемдейді. Әйтпесе тысқа қатынау үшін 1,5 сағат жүруге тура келеді екен.

Бірлік Берікұлы, тілші:

- Жалпы қыс басталғалы бері 4 млн текше метр қар шығарылды. Нұр-Сұлтан қаласынан 17 шақырым қашықтықта орналасқан мына бір қар төгу аймағында тиісті техникалар мен қызметшілер үздіксіз жұмыс істеп жатыр. Келіп көзбен көрдік. Расымен де елордаға осыншама қар жауды ма деп таңдай қақтық.

Бұл қардың көлеміне қарап, жұмысшылардың қадірін түсінесіз. Астананы ақ ұлпадан аршу үшін, күн-түн демей еңбектеніп жүр. Боранды күндері де екі қолдары күректен босамады. Бірақ: «Қасықтап қар шығарғанымен, борап жауып жатса, амал бар ма», – дейді жұмысшылар.

Мейрам Қаби, жұмысшы:

- Боран күні де осында шығамыз, қонып жатамыз. Биыл қар көп болды. Өзім алыстан 90 шақырым жерден келемін. Баяғы күрегімізді алып, қардың көп түскеніне қарамай, астанамызды тазалап жүрміз.

Мейрам Қаби 55-те. Қар жастанып, мұз төсенген азамат арқаның суығына қарамай, көше тазалап, қар күрейді. Кейде жастар келіп қолғабыс етеді екен. Ал қала тұрғындары жұмысшылардың еңбегін жоғары бағалайды.

Қар көбесі сөгіліп, жер тоңы жібісе, қарғын судың қағынатыны белгілі. Сондықтан қала ішін қардан тазартуға барынша күш жұмылдырылған. Тысқа тасылғанның бәрі елорда іргесіндегі 4 полигонға жеткізіледі. Одан бөлек арнайы техниканың көмегімен қар еріту қолға алынған. Осылайша су тасқынының алдын алу шаралары қарастырылған.

Авторлары: Бірлік Берікұлы, Азамат Сәметов