Хабар телеарнасы

Қазақстан және әлемдегі соңғы жаңалықтар


Алматыдағы инклюзивті мектептің жылдық нәтижесі қандай?

Алматыдағы инклюзивті мектептің жылдық нәтижесі қандай?

Инклюзивті білім беру нәтижелі болу үшін мүмкіндігі шектеулі балалар арнайы мектепте бейімдеу кезеңінен өтуге тиіс. Тәжірибелі мамандар осылай дейді. Алматыда бір жыл бұрын ашылған арнайы мектепте түзету-дамыту бағдарламасынан өткен 5 бала жалпы білім беретін мектепке ауысып, бүгінде қалыпты ортада оқып жүр. Қазір осы арнайы мектепте 100-ден аса ерекше бала тегін оқып, ем алып жатыр. 

Арнайы мектепте білім алып жатқан балалардың диагнозы әртүрлі. Туа бітті менаталды бұзылыстар, сөйлеу қабілетінің кешеуілдеуі, жүре келе алған, соққылардың әсерінен болған бұзылыстар. Мұнда әр жеткіншекке арнайы түзету-дамыту бағдарламасы дайындалады. Соған сай психолог, логопед, дефектолог, емдік дене-шынықтыру мамандары кешенді түрде жұмыс істейді.

Арай Мұхтарқызы, педагог-психолог:
-Баланың жас ерекшелігімен, диагнозына байланысты, кейбір балалар сабаққа үздіксіз келгенінің арқасында дағдылар бекітіледі. Ал кейбір балалар ауруына байланысты, сабақта болмауына байланысты, дағдылар балада байланыспайды да, ұмытылып қала береді.

Қазір мұнда 1-4 сынып аралығындағы 115 бала түзету сыныптарында тегін білім алуда. Олардың арасында Психологиялық медициналық педагогикалық кеңес қорытындысы бойынша үйде оқып жатқан балалар да бар. Олар арнайы академиялық сағаттардан бөлек, демалыс күндері мектеп қабырғасында міндетті сабақтарға қатысады.

Нұрым Нұрғалиев, жоба жетекшісі:
-Қазіргі таңда біз үйде оқуға кеңес берілген балаларды арнайы сыныпқа көшірдік. 3-4 ай қарқынды жұмыс арқасында ол балалар сыныпта отыруға мүмкіндік алады, ол үлкен жетістік. Бірнеше балаларымыз бар, арнайы сыныпта оқыған, олар мемлекеттік мектепке ауысты. Ол да біз үшін үлкен жетістік. Негізі мақсатымыз да сол: ең қиын балаларды арнайы сыныпқа, ал арнайы сыныпта оқитын балаларды жәй сау балалардың қасына қосып оқыту.

«Мүмкіндігі шектеулі балаларды дамытуда зоотерапияның маңызы зор»,— дейді мамандар. Балалардың эмоционалдық күйін жақсартып, коммуникациялық қабілетіне ықпал етеді. Бұдан бөлек мектепте балалар үшін сабынды көбіктер шоуы, көлеңке театры ұйымдастырылып тұрады.

Күләнда Қойбағарова, ата-ана:
-Біз Оралдан келдік. Дамуында кешеуілдеуі бар балаларды тіркейтін кеңес осы мектепке жіберді. Бұған дейін бірнеше жерде ем алғанбыз. Былтырдан бері осы мектептеміз. Балам сөйлей бастады. Санай да алады. Айтатын сөзін ойланып айтады. Бұл бір жылдағы жетістігіміз.

Арнайы мектептің ендігі межесі — инклюзияға ден қою. Түзету-дайындау бағдарламасы бойынша үйде және арнайы сыныптарда білім алған балалар диагнозына және дағдыларының қалыптасуына қарай кезең кезеңімен өз қатарластарымен бірге білім алуға көшіріледі.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Радик Жакупов