Хабар телеарнасы

Биыл елордаға газ беріледі

Көктал-1 және Көктал-2 шағын аудандарына тартылады. Екінші кезеңде Мичурина, Күйгенжар және тағы басқа елді мекендер бар. Тізімнің соңында Үркер, Шұбар және Өндіріс кенті тұр.

Дәурен Жандыбаев, Отын-энергетикалық кешен және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары:

- Осы жылыту маусымына дейін кейбір көшелерге газ беруге тырысамыз. Ондай тапсырма берілген. Мердігер компанияларға да айтылған.

Елордадағы политехникалық колледжде газ саласының болашақ мамандары дайындалады. Ол үшін соңғы үлгіде жабдықталған зертхана жасалған. Ертең елордадағы әрбір жекеменшік үйге осындай жүйеге қосылады.

Ошақбай Бексұлтан, политехникалық колледж студенті:

- Мен бұл оқу орнын бітіргеннен кейін ешқандай қиындық көрмеймін. Өйткені Астанамызда газ салынады. Егер жолым болып жатса, жеке компаниямды ашуым да мүмкін.

Ержан Қасымов, зертхана меңгерушісі:

- Бұл мамандықта 50 студент оқып жатыр. Олар газ құбырын монтаждай құрылыс жұмысынан бастап қызмет көрсету, тіпті авариялық ахуалды жою жұмыстарын да атқаруға бейім болып шығады.

Қуандық ата – газдың келуін күтіп жүрген көп тұрғынның бірі. Қыс болса, көмір жағып, үй жылытудан қолы босамайды. Уақыт жағынан да, қаржы жағынан да шығынды.

Қуандық Хансолтанұлы, қала тұрғыны:

- Жылына 13-14 тонна көмір кетеді. Оны әкелу керек, кіргізу керек. Көмір кейде жақсы, кейде нашар болады. Газ келсе, жақсы болар еді.  

Осыдан 2-3 жыл бұрын Қостанай облысының Октябрь ауылына газ берілді. Тұрғындар жылу маусымына жұмсалатын шығын 15-20% азайғанын айтады. Нұр-Сұлтанда ол жайында айтуға әлі ерте. Оның үстіне нақты есеп те жоқ. Газ құбыры биыл тартылатыны анық.

Дәурен Жандыбаев, Отын-энергетикалық кешен және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары:

- Әрбір көшеге газ құбырын тартамыз. Әрбір тұрғын үйге бюджет тарапынан есеп құралын береміз. Газ құбырынан үйге дейінгі аралық әрбір тұрғынның өз қаражатынан бөлінеді.

Бұған дейін газ тартылған аймақтарды мысалға келтіре отырып айтсақ, бұл жұмысқа кем дегенде 80 мың, ал ең көбі 250 мың теңге жұмсалады. Енді оған пеш құнын қосыңыз. Соны білмек мақсатта елордадағы арнайы орталықтардың біріне бардық. Көрінісі бірдей болғанымен, үйді жылытуға арналған құрылғының түрі көп екен.

Руслан Дуанбаев, компанияның бас директоры:

- Біздегі қазандықтардың бағасы 250 мың теңгеден бастап жоғарылай береді. Бәрі оның қандай класқа жататындығына байланысты. Ауданы 110-400 шаршы метрге аралығындағы жеке үйлерге арналған қазандықтарды сатамыз.

Александр Курганов, сервистік қызмет жетекшісі:

- Біздегі газ қазандығы бір мезетте үймен қоса жеке тұтынатын суды да жылытып береді. Сорғы, желдету жүйесі – бәрі бірге. Олар әдетте 10 жылға дейін еш кедергісіз жұмыс жасайды. Тек маусым сайын ішін тазалап тұрсаңыз, сол жеткілікті. Егер алысқа жол жүрер болсаңыз, смарт қосымша арқылы кез келген жерден басқару мүмкіндігі бар.

Бұл – бір мысал. Кей деректерге қарағанда Қазақстан бойынша қызмет көрсететін және газға арналған тауар сататын ірілі-ұсақты 80-ге жуық жекеменшік компания бар.

Демек, баға сол компаниялардың ұсынысы бойынша қалыптасады. Енді есептейік, үйіңіз дайын. Құбырды көшеге тартып, есептеуішті тегін береді. Ал екі аралыққа салынатын құрылыс-монтаж жұмысына 85 мыңнан бастап 200 мың кетеді екен. Ал пештің құны атқаратын қызметіне қарай 50 мыңнан бастап 400 мыңға дейін барады. Сонда газға қосылу – елордалық бір отбасы үшін кемінде 135 мың теңге. Егер қалтаңыз көтерсе, ең үздік тауарларды, кепілдігі бар құрылғыларды қолданғыңыз келсе, 600 мың теңге төлеуге дайын болыңыз.

Ердәулет Ыбырайұлы, Абдулла Исаев, Жандос Сұлтанғазы