Хабар телеарнасы

Ақтөбеде жергілікті құс фабрикаларында өндірілетін тауық еті тапшы

Сондай-ақ сауда сөрелерінде Ресей мен Беларусь елдерінен жеткізілген тауар да жеткілікті. Мамандардың айтуынша, мұндай жағдай құс етінің қымбаттауына тікелей әсер етіп отыр.

Тоқсаннан асқан Зинаида Лайкованың көмекшісі Нұргүл есімді әлеуметтік қызметкер азық-түлік тізімімен жақын маңдағы дүкенге аттанды. Аптасына екі рет келетін ол зейнеткердің сүйікті тағамдарын жатқа біледі. Алайда дәрігерлердің кеңесі мен азық-түлік бағасының шарықтап кетуі қатаң диета ұстауға мәжбүр еткен.

Зинаида Лайкова, зейнеткер:

- Қазір бәрі қымбаттап жатыр ғой. Сорпа қайнатып ішу үшін тауық етін алуға тура келеді. Себебі сиыр еті 1600 теңгеден 2500 теңгеге дейін жетеді. Жиі сатып алуға мүмкіндік бола бермейді.

Өңірде ірі-қара етімен бірге тауық та шарықтап тұр. Статистика департаменті мамандарының айтуынша, тауық еті мен сирағы орта есеппен 4-тен 7 процентке дейін өскен.

Шара Нұрпейісова, облыстық Статистика департаментінің басқарма басшысы:

- Өткен жылы тауықтың еті 751 теңге болды. Биылғы қаңтарда 807 теңге болды. Тауықтың сирақ еті өткен жылда 658 теңге болды, былғы жылдың қаңтарында 689 теңгені құрады.

Ақтөбе облысы тұрғындары жылына шамамен 4 жарым мың тонна құс етін сатып алады. Оның 22 проценті ғана жергілікті өндірушілерге тиесілі. Қалғаны - Ресей мен Беларусь елдерінен және Қостанай мен Батыс Қазақстан облыстарынан жеткізіледі. Мұндай жағдай бағаның ұдайы шарықтап отыруына түрткі болары белгілі. Сәйкесінше, жергілікті билік жаңа инвестициялық жобаға иек артып отыр. Олардың айтуынша, жақын арада Ақтөбеде жаңа құс фабрикасының құрылысы басталуы тиіс.

Құсайын Сәрсембай, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының жетекшісі:

- Ол құс фабрикасы жылына 35 мың тонна құс етін өндіретін болады. Бұл енді облыстың қажеттілігінен бірнеше есе артық. Себебі ол енді өзінің өндірген өнімін басқа өңірлерге және экспортқа шығаруға бейімдеп отыр.

Қазір жаңа фабриканың жобалық-сметалық құжаттары рәсімделуде. Өндірістің қай уақытта іске қосылатынын дөп басып айта алатын адам жоқ. Сондықтан ақтөбелік тұтынушылар әзірге сыртқы нарықтағы баға тербелісіне тікелей тәуелді болып қала бермек.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков