Хабар телеарнасы

Петропавлда қардың уақытылы күрелмеуінен тұрғындар әбігерге түсті

Ақ ұлпа уақытылы күрелмегендіктен, жүріп-тұру қиындап кеткен. Ал тұрғындар қала тазалығына жауапты бірнеше компания өз жұмысын тиісті деңгейде атқармай отырғандығын айтады. Осы орайда ісіне салғырт қарағандарға айыппұл салынғанын да айта кету керек.

Барлық жүргізушілердің пікірі бір. Жолдағы қарды автогрейдермен қырмаған соң, ақ ұлпа әбден тапталып, көлік жүретін жері ойылып қалған. Салдарынан күні кеше 23-бағытқа қатынайтын қоғамдық көлік жолдың қарсы бағытына шығып кетті. Абырой болғанда, жолаушылар дін аман.

Өткен аптада жауған қалың қардан соң қалада қозғалыс қиындады. Себебі жолдар мұзға айналған.

Биғайша Жүсіпова, Петропавл қаласының тұрғыны:

- 20 минуттың ішінде үйден мектепке жететін едік. Қазір жоқ дегенде бір сағат жүріп барамыз. Балам бірнеше мәрте сабағына кешігіп қалды. Тым болмаса жолдарға жақсылап құм сепсе екен деймін.

Шаһарда көктайғаққа қарсы шаралармен екі мекеме айналысады. Техниканың аздығы болса керек, құм себу жұмыстары кейде қолмен жүргізіледі.

Мына кадрды жергілікті тұрғындардың бірі түсіріп алып, интернетке жүктеген. Коммуналдық қызметшілердің осындай салғырттығынан адамдардың тайып жығылу фактілері көбейді. Жарақат алғандардың көбі – балалар.

Шыңғыс Нұрғалиев, облыстық балалар ауруханасының травмотолог-ортопеді:

- Күніне 60-қа жуық бала біздің көмегімізге жүгінеді. Дені – көктайғаққа байланысты көшеде жарақат алып жатқандар. Сондықтан асықпай абай болу керектігін ескертеміз.

Биыл облыс орталығындағы жолдарды күтіп ұстауға 600 млн теңге бөлінді. Қала тазалығына 14 компания жауапты. Алайда кейбіреулері өз жұмысына немқұрайлы қараған.

Дулат Шәріпов, ТҮКШ Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Бүгінде 5 кәсіпорынға 7 хаттама толтырылып, оларға айыппұл салынды. Тағы екі мекемемен келісімшарт бұзылды. Себебі біз олардың қар шығарумен мүлде айналыспағандығын анықтадық.

Көктемгі су тасқынын алдын алу үшін ақпанның 25-інен кейін коммуналдық қызметшілер күшейтілген жұмыс кестесіне көшеді.

Қазіргі таңда Петропавл қаласында қар шығару жұмыстарына күніне 100-ге жуық техника шығады екен. Ал олар әлі күнге дейін 360-тан астам көшені тазартып үлгермей жатыр. Жалпы коммуналдық қызметшілер қыс басталғалы бері облыс орталығынан 500 мың текше метрден астам ақ ұлпаны сыртқа шығарған.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев