Хабар телеарнасы

Талдықорғанда 100-ге тарта мектепте оқушылар саны шамадан тыс артқан

Болашақта мұндай мектептердің саны 50-ден асып жығылуы мүмкін. Талдықорғанда ұзақ жылдар бойы сақалды құрылыс мәселесі шешімін таппай келеді. Оны қайтпек керек?

Талдықорғандағы Ынтымақ шағын ауданының тұрғыны Тілеубала Рысбаева күнде балаларын сабаққа шығарып салып, күтіп алады. Алаңдайтын жөні бар. Өйткені мұнда ең жақын мектептің өзі бірнеше шақырым жерде орналасқан. Абырой болғанда қалалық әкімдік тарапынан бұл шағын ауданның балаларына арнайы автобус бөлінген. Бұрын жаяу қатынайтын.

Тілеубала Рысбаева, Талдықорған қаласының тұрғыны:

- Қыс болсын, жаз болсын, балалар сабаққа барғанша қаншама уақыт кетеді. Тоңып жүреді, шаршайды, қалып қояды. Ал осы өңірде, яғни жақын жерде мектеп болса, балаларымызға жақсы болар еді.

Мектепте бірнеше шағын ауданның балалары оқып жатыр. Ынтымақта тұратын оқушылар да осында келеді.1200 орындық мектепте қазір 1700-ге жуық бала білім алуда.

Шұғыла Дәулетханқызы, бастауыш сынып мұғалімі:

- Шағын аудандарға арналған мектеп салынса екен дейміз. Мемлекеттік стандарт бойынша 25 бала отыруы керек сыныптарда 35 баламен жұмыс жасау өте қиын.

Алматы облысындағы мектептердің көбі лық толы. Қазірдің өзінде 38 білім ошағы оқушыларды 3 ауысымда оқытып жатыр. Мәселені толықтай шешу үшін 25 млрд теңгедей қаржы қажет. Биыл өңірде 14 мектеп салынады. Соның екеуі Талдықорған қаласында бой көтереді.

Марат Нүсіпбаев, Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:

- 6 мектептің құрылысы басталмақ. Жобалық-сметалық құжаттамалары ақпан айында дайын болады. Қазір қаражаты қарастырылып жатыр. Биыл соны бастаймыз деп ойлап отырмыз.

Талдықорғандағы тағы бір түйткілді мәселенің бірі – сақалды құрылыс. Мәселен, мемлекеттік бағдарлама бойынша құрылысы басталған үйдің салынып жатқанына 7 жыл болды. Қазір құрылысы тоқтап тұр. Облыс орталығында осындай 5 үй бар. Әкімдіктегілер мұның қаржы тапшылығынан болған жағдай екенін жеткізді. Аталған нысандар жақында жергілікті биліктің қарауына өтті.

Марат Нүсіпбаев, Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:

- Олардың жобалық-сметалық құжаттамалары дайын. Құрылыс істері жөніндегі комитет қаржы жағдайын қарастырып жатыр. Биыл ол үйлер салына бастайды деп ойлап отырмыз.

Мектеп және үйлермен қатар биыл облыста 14 денсаулық сақтау нысаны бой көтереді. 10 спорт кешені мен 5 студенттік жатақхана салынатынын да атап өткен жөн.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев