Хабар телеарнасы

Павлодарлық 7-сынып оқушысы Абайдың 30 өлеңін жатқа айтады

Ол облыс орталығындағы Камал Макпалеев атындағы №4 мектептің 7-сыныбында оқиды. Кирилл Свиридов: «Данышпан ақынның жырлары адамгершілікке, еңбекқорлыққа баулып, мейірімділікке тәрбиелейді», – дейді. Өзге ұлт өкілі енді Абайдың ғибратқа толы қара сөздерін ұғынып, шығармашылығына терең бойламақ.

Кирилл Свиридовпен бірге оқитын 7-сынып оқушылары арасында Абай шығармаларына қызығушылық зор. Олар ақынның кез келген өлеңін жатқа айтып береді. Ал мұғалімнің Абай туралы қойған сауалдарына мүдірмей жауап беруге тырысады. Бұл кездейсоқтық емес. Қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Мәнзилә Төлеубаева арнайы курс ұйымдастырып, ұлы ақынның шығармаларын тереңдетіп оқытуды қолға алған.

Мәнзилә Төлеубаева, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:

- Абайды жай ғана оқып қоймай, олар алдымен түсініп алып, содан кейін барып жаттайды. «Кім көп біледі?», – деп бір бірімен жарысып жаттайды. Соның ішінде Свиридов Кирилл озып шықты. Мен көмектесемін. Бірақ өзінің еңбегі зор. Өзінің еңбекқорлығының, жауапкершілігінің, қызығушылығының арқасында ол 30 өлеңді жаттап алды.

Кирилл Свиридовтың Абай өлеңдеріне қызығушылығы 3-сыныптан басталған екен. Зерек оқушыны сыныптастары да үлгі тұтады.

Илья Красилов, 7-сынып оқушысы:

- Кирилл біздің сыныпта өте жақсы оқиды. Ол Абайдың 30 өлеңін біледі. Ал мен 3 өлеңін білемін. Ол шахмат, күрес секцияларына барады. Мен әлі көп жаттаймын. Себебі бұл өмірде өте керек.

Белсенді жас облыстық «Абай оқулары» сайысында 3-орын, «Мың бала» жобасында алғыс хатпен марапатталып, республикалық мәнерлеп оқу сайысында 3-орынға ие болған.

Кирилл Свиридов, 7-сынып оқушысы:

- Абай Құнанбаев – ұлы ақын, әлем ақыны. Мен Абай Құнанбаевтың өлеңдерін жақсы көремін. Абайдың өлеңдері мені мейірімді болуға үйретеді.

30 өлеңді жатқа айтатын Кирилл келешекте Абайдың қара сөздерінің мағынасын  түсінуге күш салмақ. «Ол үшін Абайдың тілін жетік меңгерсем», – деп армандайды.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий