Хабар телеарнасы

Қытаймен шекара жабылған соң кәсіпкерлер азық-түлік бағасын көтере бастаған

Себебі Қытай мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы тоқтаған жоқ. Министрдің айтуынша, қауіпті вирус тауар арқылы емес, адамнан адамға жұғады. Сондықтан бағаны бақылау шараларының күшейетінін айтты. Өзара сөз байласу арқылы бағаны өсіру дерегін байқағандар арнайы сенім телефонына хабарлай алады. Қаңтар айында, әлеуметтік маңызды азық-түлік түрлеріне баға 0,3% өскен. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда екі есеге аз. Жалпы бағаның өсуіне астық түсімінің төмендігі мен экспорттың ұлғаюы себеп болған. Сондай-ақ облыс әкімдері бағаға мониторинг жүргізіп, дер кезінде шара қабылдамай отыр. Айта кетейік, өткен жылы халық күнделікті тұтынатын азық-түлікке баға 10% өсіп, Үкімет басшысы облыс әкімдерінің орынбасарларына шара қолдану туралы тапсырма берген еді. Дегенмен өңірлерде әлі де олқылықтардың бары айтылды.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:

- Сауда және интеграция министріне Қаржы және ауыл шаруашылығы министрліктерімен бірге көтерме-тарату және агрологистикалық орталықтар жүйесін құру жобаларын қаржыландыру құрылымын бір аптаның ішінде белгілеуді тапсырамын. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктер әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының өндірісін кеңейту үшін қажетті жағдай жасауы керек. Ішкі нарықты отандық азық-түлікпен қамтамасыз ету ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің субсидия алған кездегі міндеттемелерінің бірі болу керек.