Хабар телеарнасы

Жеке кәсіп ашқан ауыл тұрғындарын қолдаудың жаңа тетіктері пайда болды

Бұл – кәсіпкерлікке ден қойған азаматтарды ынталандыру үшін жасалып отырған игі бастама. Жас кәсіп иелеріне барлық инфрақұлымы бар ғимарат тегін беріледі. Осындай мүмкіндікке ие болғандардың бірі – Жанат Санатұлы. Ол ұлттық нақыштағы жиһаздарды жасаумен айналысады. Мемлекеттік бағдарлама арқылы алған 3 млн теңге көлеміндегі грантты қолөнер шебері құрал-жабдықтар мен материалдарға жұмсапты. Одан бөлек ауданда тағы екі кәсіпкер жылыжай ашуды жоспарлап отыр. Бүгінгі таңда «Бизнестің жол картасы» бойынша жалпы құны 32 млн теңгенің 5 жобасы жүзеге асып жатыр. Ал «Қарапайым заттар экономикасымен» кәсіпкерлер 13 бизнес бастаманы жүзеге асырған.

Жанат Санатұлы, жеке кәсіпкер:

- Әлі де ары қарай дамытсам деген ойым бар. Бізде шықпаған ұлттық нақыштағы қазақи жиһаздар бар. Соның бәрін жасап, үлкейтіп, Қазақстан көлемінде саудаласам деген үлкен арманым бар.