Хабар телеарнасы

Үкімет шетелдік көліктерге қатысты ұсыныс енгізді

Бүгін шеттен әкелінген көліктерді бір жыл ішінде тіркеу қажеттігі туралы қаулы шықты.

Бұл жердегі әңгіме 170 мың көлікке қатысты. Оны рәсімдеу бойынша азаматтар тарапынан туындаған сұрақтардың бірде-бірі жауапсыз қалмауы тиіс.

Шетелдік көліктер мәселесін реттеу министрлік былай тұрсын, Президент деңгейінде де көтерілді. 1 ақпаннан бастап уақытша тіркеу мен рәсімдеу сұрақтары бойынша түсіндіру жұмыстары басталды. Владимир Баев – алғашқы және әзірге жалғыз уақытша тіркеуден өткен көлік иесі.

Владимир Баев, Алматы қаласының тұрғыны:

- Тіркеу жұмыстары қиын емес. 20-25 минутта барлық құжатты бітіруге болады. Кезек күтіп тұрмайсыз. Уақытша тіркеуге қою үшін 13300 тг төледім. Енді жыл бойына қалған 927 мың теңгені бөліп төлеймін. Содан кейін ғана тұрақты тіркеуге қоюға болады.

Талғат Тайлақбаев, Нұр-Сұлтан Кедендік рәсімдеу орталығының жетекші маманы:

- Егер Армениядан келген автокөліктің құны 3 млн теңге болса, жобалап санаған кезде кедендік құн мен салықтары 1 млн 115 мың көлемінде болады. Одан басқа да қызметтері бар. Бәрін қосқанда 2 млн теңгенің шамасында болады.

Ендігі әдіс – көлікті бөлшек саудаға жіберу. Оның құнын білу үшін жергілікті базарлардың біріне бас сұқтық. Нарықтағы құны 3 млн тұратын тауарымызға барлығы дерлік бір жобадағы бағаны ұсынды.

Оның құны шамамен 400-600 мың теңге аралығында болады. Себебі ол көліктің негізінен есік, алдыңғы бөлігі және басқа да бөлшектері ғана жоғары сұранысқа ие. Қозғалтқышын сату үшін ұзақ күту керек болады.

Азамат Түктібаев – шетелдік көлік тізгіндеген қазақстандықтардың бірі. Ол көлікті Арменияға апарып қайта сатамын деп жоспарлауда. Десе де, бұл шешімінің өзіне аса тиімді болмайтынын қазірден болжап қойғанын айтады.

Сонымен Үкімет өз нұсқасын ұсынды: ресми түрде рәсімдеу, бөлшектеп саудалау немесе кері апарып сату. Ерік – өзіңізде.

Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Болатбек Табалдиев