Хабар телеарнасы

СҚО-да 92 ауылды су басуы мүмкін

Өйткені синоптиктер: «Өңірде әдеттегі қалыпты мөлшерден бірнеше есеге көп жауған қардың кесірінен су тасқыны болуы ғажап емес», – деп отыр.

Көктемде күн күрт жылынса, Есіл өзені арнасынан асып, су бірнеше ауылға жайылуы мүмкін. Осыған байланысты Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары 92 елді мекенді қатаң бақылауға алыпты.

Өңірде «Қазгидромет» мекемесі мамандарының жұмысы қызды. Қазір олар ауыл-аймақтарды аралап, қардың тығыздығы мен қалыңдығын өлшеуде. Мәселен, өткен аптада Ғабит Мүсірепов ауданында бір тәулікте бір айлық мөлшердегі жауын-шашын түскен.

Қымбат Мерғалимова, «Қазгидромет» РММ филиалының директоры:

- Ең көп қар облыстың оңтүстік-батысында жауды. Олар: Айыртау, Шал ақын, Ш.Уәлиханов және Ғ.Мүсірепов аудандары. Аталған аймақтардағы қар өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есеге көп. Ал өзен жыраларындағы ақ ұлпаның биіктігі тіпті 1,5 м-ден асты. Бұл – тек қаңтар айының қорытындысы.

Қардың шамадан көп жауғаны құтқарушыларды да алаңдатып отыр. Себебі көктемгі су тасқыны солтүстікқазақстандықтарды тағы әлекке салуы мүмкін. Осыған байланысты Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері 100-ге жуық ауылды қатаң бақылауға алып, дайындық жұмыстарына кірісіп кетті.

Ерік Сарыбаев, облыстық ТЖД бастығының орынбасары:

- Қарағанды, Ақмола облыстары және Нұр-Сұлтан қаласына түскен қардың еріп, біздің облысымыз арқылы өтетін Есіл өзеніне келіп құяды. Осыған байланысты біз қатты алаңдаудамыз. Қазіргі таңда облыстың аумағында су басуы мүмкін деген 92 елді мекенді есепке алып отырмыз. Облысымызда жердің беті өте тегіс келеді. Сондықтан басқа жағынан да су басуы мүмкін болғандықтан, басқа елді мекендердің барлығында дерлік дайындық жұмыстарын жүргіземіз.

Осы күнге дейін облыстағы елді мекендерден 250 мың текше метрден астам қар сыртқа шығарылды. Ал тасқынның алдын алу мен оның салдарын жоюға арнайы облыстық резервтен 700 млн теңгеге жуық қаржы бөлінді.

Өңірде 2006-2007 және 2017 жылдары қатты су тасқыны болған. Жағдай биыл тағы қайталануы мүмкін. Себебі өңірдегі Сергеев су қоймасы 98%, ал Петропавл су торабы 88% толған. Мұнымен қоса алдағы ақпан, наурыз айларында жауын-шашын болады деп болжанып отыр.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев