Хабар телеарнасы

Бауыржан Байбек Атырау облысындағы аудандарды аралады

Партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Атырау облысындағы Мақат, Жылыой аудандары халқының базынасын тыңдап қайтты.

Мақат ауданына қарасты Доссор кенті шойын жолдың екі қапталында орналасқан. Әкімдіктен бастап мектеп, балабақша кенттің теріскейінде орналасқан. Ал оңтүстіктігінде 200-ден астам отбасы бар Ынтымақ ауылы қоныстанған. Теміржолдан өту – жергілікті тұрғындар үшін өзекті мәселе. Олар өздерін мазалаған түйткілді NurOtan партиясының төрағасы Бауыржан Байбекке жеткізді.

Бауыржан Байбек, Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

- Сіз көпірді қолдайсыз ғой? Иә, көпір керек. Екінші мәселе не? Жалпы байырғы тұрғын ретінде: «Ең басты мәселе – жол», – деп жатырсыздар. Осыны қарастырамыз. Әр ауылда ең кем дегенде 3 нақты мәселені қойып, шешу керек.

Аудандағы іргелі мекеме – Доссор мұнай-газ өндіру басқармасы. Онда ұйымдастырылған кездесуде мұнайшы әйелдер мен жастарды жергілікті мәслихат пен мемлекеттік қызметке тарту жөнінде бастама көтерілді.

Бауыржан Байбек, Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

- Әрбір мәслихатта 30% әйелдер болуы керек. Әр мәслихат ең кемінде 20% жастардан құралуы керек. Біз – Елбасын қолдайтын, тірегі болар азаматтармыз.

Аумағында «Теңіз» кен алаңы орналасқан Жылыой ауданындағы проблема – жастарды мұнайшы мамандығына баулу. «Теңіздегі» мұнайшылардың 84% – отандық мамандар. Алайда олардың көпшілігі зейнеткерлік жасқа келіп қалған. Бауыржан Байбекпен болған жүздесуде осы проблема да көтерілді.

Сержан Серікбаев, Жылыой аудандық Жастар ресурстық орталығының басшысы:

- Осы олқылықтың орнын толтырып, ауданымызда жұмыссыз жүрген 18-29 жас аралығындағы жастарды «Теңіз» кенішінде жұмыспен қамтылса екен. Сол жердегі шетелдік мекемелер тәжірибе алмасу ниетте жастарды шетелге оқытуға мүмкіндік туғызса екен деген де ойымыз бар.

Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары бұл мәселе де назардан тыс қалмайтындығын айтты. Атырау облысына сапары барысында Бауыржан Байбек жастармен және бюджеттік мекеме қызметкерлерімен де кездесті.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев