Хабар телеарнасы

Боран салдарынан сүт өндірушілер шығынға батты

Мысалы, ШҚО-лық ірі сүт өндірушілердің бірі соңғы екі-үш күн ішінде 50 млн теңгеден астам шығынға батты. Өйткені ақтүтек боран салдарынан жолдардың жабылып қалғанына бірнеше күн болды. Аталған кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, сүт, май, ірімшікке толы көліктер Нұр-Сұлтан, Қарағанды,Теміртау, Жезқазған, Алматы қалаларына жете алмай отыр. Кейбір көліктердің жолда қалғанына 4 күн болған. Бірнеше көлік кері қайтып кеткен. Өзге қалаларды былай қойғанда облыс ішіндегі 17 елді мекенге тауар жеткізу мүмкін емес. «Осыған орай кәсіпорындағы өндіріс қарқыны да бәсеңдеді, себебі шикізат жетпей жатыр», – дейді өндірушілер.

Сергей Коротков, сүт өндіруші компанияның маркетолог маманы:

- Жолда қалғандардың айтуынша, жағдай күн сайын ушығып барады. Автожолдарды қар басып алған. Қатты бұрқасын соғып тұр. Көлік жүргізушілерімен үнемі байланысып отырмыз. Әзірге боранның басылар түрі көрінбейді. Дәл қазіргі уақытта Өскемен қаласынан 4 көлік Семейге, Шемонаиха мен Алтайға, Ақжар және Зайсанға шыға алмай отыр.