Хабар телеарнасы

Қазақстан Қытаймен автобус, пойыз және әуе қатынасын тоқтатты

Бұл вирустың таралу ауқымы кеңейіп келеді.

Осы себепті Қазақстанды коронавирустан қорғау үшін Үкімет жанындағы ведомствоаралық комиссия батыл шешімдер қабылдады. Мысалы, бүгіннен бастап Қазақстан мен Қытай арасында қатынайтын жолаушылар автобусының қатынасы тоқтады. Ал 1 ақпаннан бастап жолаушылар пойызы, 3 ақпаннан бастап Қытайға әуе қатынасы толығымен тоқтайды.

Шудан да коронавирус туралы шу шықты. Бүгін таңғы сағат 5:45-те Сарыағаш-Нұр-Сұлтан бағытындағы пойыздан қос қытайлық азамат «коронавирус жұқтырды» деген күдікпен түсірілді. Арнайы киінген адамдардың суреті әлеуметтік желілерде тарап та кетті. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы олардың денсаулығы жайында хабарлайды.

Хамит Мырзақасымов, Жамбыл облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

- Қазақстан бойынша коронавирус күдігімен 35 адам ауруханаға жатқызылды. «Олардың 27-сінен тымау секілді маусымдық сырқаттар анықталса, ал қалған 8-інің сынамалары Алматыдағы Ұлттық инфекциялық орталыққа жіберіледі», – деді еліміздің бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин.

Жандарбек Бекшин, ҚР бас санитарлық дәрігері:

- 6 қаңтардан бастап бүгінге дейін 12610 адам келді. Медицина мамандары осы адамдардың 51% қоңырау шалып, сөйлесті.

Қытайлық вирустан қаза тапқандардың саны соңғы ақпарт бойынша 132-ге жетті. Таралу ауқымы кең. Еуропаға да жетті. Сондай-ақ бүгін БАӘ-де коронавирустың алғашқы фактісі тіркелген. Қазақстан қорғанысты күшейтті. Бүгін Үкімет жанынан құрылған арнайы комиссия Қытаймен қатынасты уақытша тоқтату туралы шешім шығарды.

Комиссия шешімімен 29 қаңтардан бастап Қазақстан мен Қытай арасындағы автобус қатынасы тоқтатылды. 1 ақпаннан бастап теміржол тасымалы тоқтайды. Ал 3 ақпаннан бастап Қытайға ұшақтар ұшпайды. Қытай Халық Республикасының азаматтарына виза беру де тоқтатылды.

26 қаңтарда «The New York Times» басылымы Қытайдың Дунгуань қаласында теннистен өтетін халықаралық турнирдің коронавирустың таралуына байланысты Қазақстанға ауыстырылғанын хабарлаған. Бұл тақырып әлеуметтік желіде қызу талқыланып, қазақстандықтар жарыстың өтуіне қарсылық білдірген еді. Бүгін Үкіметтік комиссия Қазақстанда ешқандай жарыстың өтпейтінін мәлімдеді.

Серік Сәпиев, Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері жөніндегі комитет төрағасы:

- «The New York Times» басылымында: «Бұл турнирді Қазақстанда өткізу жоспарланған» деп жазылған. Ал біздікілер бекітіліп қойған шешім ретінде қабылдаған. 4-8 ақпанда теннис бойынша халықаралық турнир Қазақстанда өтпейді. Біздің спортшылар басқа шетелге қатысады, бірақ Қытайға шықпайды.

Кеше Қытайдың туристік аймақтарынан екі ұшақпен қазақстандықтар оралды. Ертең тағы екі ұшақ қалған қазақстандықтарды алып кетуге барады. Коронавирус мәселесі Мәжілістің пленарлық отырысында да талқыланды. Депутат Құралай Қаркеннің пікірінше, Қытайдағы барлық қазақстандықты тез арада елге қайтару қажет. Сондай-ақ Мәжілісмен Қытай курортына жолдама алып қойған қазақстандықтардың қаржысын қайтару мәселесін де көтерді.

Құралай Қарекен, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Қытай курорттарына жолдама алған азаматтар туроператорларға шағымданып жатыр. Туристік агенттіктер міндеттемелер мен келісімшарттар олардың кінәсінен болмағанын айтып, ақшаны қайтарудан бас тартып жатқан көрінеді.

«Туристік қамқор» қорының төрағасы Инна Рэй жолдамалар жөнінде шынымен үлкен мәселе туындап жатқанын, ақшаның қайтарылмайтынын айтады.

Инна Рей, «Туристік қамқор» корпоративтік қорының төрағасы:

- Қазақстандық туристер саны аса көп емес. Біз оларды тағы ертең елге алып келеміз. Біраз қазақстандықтардың демалысы қысқаратын болды. Әрине, туристер бәрінен жаппай бас тартып туроператорлар үшін қиындық туғызып отыр. Адамдардың дені ақшасын кері қайтаруды сұрайды. Бірақ бұл – шешілмейтін мәселе. Сондықтан ұстамдылық танытуымыз қажет деп ойлаймын.

Ал Гонконг ғалымдары коронавирусқа қарсы жаңа вакцина ойлап тапты. Бұл жайында «South China Morning Post» қытай газеті хабарлайды. Жергілікті университеттің профессорлары қарапайым тұмауға қарсы вакцинаға коронавирустың антигенін салып модификациялаған. Дегенмен оны сынақтан өткізу мерзімі ұзаққа созылып кетуі мүмкін. Бейжің мен Шанхайдың ғалымдары да қарап жатқан жоқ. Қытай инженерлік академиясы жаңа вакцинаны күту қажеттігін айтып отыр.

Ли Ланьцзюань, Қытай инженерлік академиясының академигі:

- Вакцинаның дамуы – белгілі бір процесс. Қазір тұқымның штамы жасуша штамынан өсіріліп жатыр. Оны алуға бір ай уақыт кетеді. Осыдан кейін оны тексеруге жарты ай мерзім қажет болады. Ал соңғы нәтиже шығарып, қорытынды жасауға тағы шамамен 1,5 ай уақыт керек болады.

Бұған дейін де коронавирусқа қарсы вакцина жасауға Ресей мен АҚШ ғалымдары кіріскенін хабарланған. Осылайша адамзат үлкен індетке қарсы тұруға талпынып жатыр.

Авторы: Гүлжан Марқабаева