Хабар телеарнасы

Өңірлерде коронавирустан сақтану шаралары қолға алынды

Үшеуі – жергілікті кәсіпорындарда істейтін Қытай азаматтары. Дәрігерлік тексеру барысында олардан қауіпті вирус анықтамалған, бірақ екі апта бақылауға алынды. Бірінің қызуы көтеріліп, ауруханада тексеріліп жатыр. Бүгін облыс орталығында коронавирусқа қарсы өңірлік комиссия отырысы өтті. Аймақта жағдай тұрақты, сақтық шаралары күшейтілген.

Ал ШҚО-да жедел штаб құрылды. Дәрігерлер семинар өткізіп, дерт жайлы ақпаратпен бөлісіп, эпидемиологиялық белгілерін айтты. Өңірде вирустан қорғайтын 12 мыңнан аса арнайы киім, 670 мыңнан астам респиратор, екі көлік капсуласы бар. 4 арнайы көлік пен 18 қорғаныш киіміне тапсырыс берілді. Облыстағы екі кеден бекеті арқылы өтуге уақытша тыйым салынған.

Коронавирустың алдын алу мақсатында Шымкент әуежайы бақылауға алынды. Инфекцияның тарауына жол бермеу үшін аэропорт аумағында оқу-жаттығу өткізілді. Сценарий бойынша «вирус жұқтырғандарды» бақылау департаментінің мамандары қарсы алды. Сосын олар арнайы бокстарға орналастырылып, стационарлық және қол тепловизорларымен тексерілді.

Ақтау халықаралық әуежайында да санитарлық-карантиндік бақылау күшейтілді. Алдын ала сақтық шараларына сай шетелден келген жолаушылар тепловизор көмегімен тексерілуде. Құрылғы адамның температурасын 1-1,5 метр жерден анықтайды. 37° жоғары көрсеткен жолаушы бірден тексеріледі. Себебі коронавирустың басты белгісі – дене қызуының көтерілуі. Халықаралық әуежай аптасына 20 шақты шетелдік әуе рейсін қабылдайды. Тбилиси, Баку, Ыстамбұл, Мәскеу, Махачкаладан ұшып келген жолаушылар тексерілді. Ал Қытайдан тіке әуе рейстері жоқ.