Хабар телеарнасы

Асқар Мамин Президент тапсырмасын нақты әрі уақытылы орындауға шақырды

Үкімет отырысында Асқар Мамин министрлер мен әкімдерді Мемлекет басшысы тапсырмаларын нақты әрі уақытылы орындауға шақырды. «Сондай-ақ инвестиция тарту, шикізаттық емес секторды, шағын-орта бизнесті дамыту мен жұмыс орындарын ашуда министрлер кабинетінің жұмысы басым болуы тиіс», – деді.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:

- Халықтың әлеуметтік мәселелерін шешу және әл-ауқатын арттыру ел экономикасының дамуымен тікелей байланысты. Осы ретте инвестицияларды белсенді тарту, экспорт және экономиканың шикізаттық емес секторын, сонымен қатар бизнесті дамыту, жаңа жұмыс орындарын құру әрбір министр мен әкімнің басты міндетіне айналуы тиіс. Ұлттық экономика министрі Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру бойынша шаралар кешенін ұсынды. Жауапты орындаушылар мен мерзімдер анықталды. Енді үйлесімді жұмысты ұйымдастыру керек. Президент белгілеген барлық міндет нақты орындалуы тиіс. Мемлекеттік органдардың бірінші басшылары жеке жауапты болады.