Хабар телеарнасы

Оқушыны зорлаған педофил 25 жылға сотталды

Сондай-ақ ол жәбірленуші тарапқа 5 млн теңге көлемінде моральдық шығын төлеуге міндеттелді.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- 12 жастағы қызды зорлап, қорлаған азғынға 25 жыл. Мамандандырылған ауданаралық соты педофилге осындай жаза кесті. Сот қаскөйді қылмыстық кодекстің 120 және 121-баптарының 4-бөлігі «кәмелеттік жасқа толмаған адамға қатысты зорлау» баптары бойынша кінәлі деп тапты.

Естеріңізде болса, өткен жылдың қараша айында 38 жастағы азғын 7-сынып оқушысын зорлаған болатын. Күдікті арам пиғылын мектеп ауласындағы әжетханада іске асырған. Ол сол аумақты 1 сағат көлемінде торауылдап жүреді. Кейін қыздың дәретханаға кіргенін байқап, бөгде адамдардың жоқтығын пайдаланып есікті ішінен іліп алған. Оқушыны бірнеше рет жұдырықпен ұрып, қызды қорқытып, жыныстық қатынасқа түскен. Ал құрбыларының ұзақ уақыт бойы орламағанын байқап, дәретханаға іздеп келген сыныптастарына ішім ауырып тұр деп айтуға мәжбүрлепті. Дегенін орындамаса: «Мойнын бұрап өлтіремін», – деп қорқытқан.

Тергеп, тексеру кезінде қаскөй сотқа мас күйінде қылмысты жасағандығын айтып ақталған. Айта кету керек, педофилдың бұған дейін де кәмелеттік жасқа толмағандарды зорлағандығы белгілі болды. Бірақ мерзімінен бұрын босталған.

Кенжеғали Кенжебеков, қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соттың судьясы:

- Сот отырысында куәгерлердің бәрі сұралды. Және де іс бойынша бірнеше сот сараптамасы жүргізілді. Атап айтқанда, сот медициналық, моникулярлық-генетикалық, психиатриялық сараптамалар тағайындалған. Қорытынды бойынша, Валиевтің осы жасаған іс-әрекеттері толық дәлелін тапты.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Сараптама оның педофилияға бейім екендігін анықтап отыр. Сондықтан оған түрмеде химиялық кастрация жасалып, мәжбүрлі түрде ем көрсетіледі. Азғын алғашқы 5 жылын қылмыстық атқару жүйесінің мекемесінде қатаң режимде, ал жазаның қалған бөлігін қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде өтейді.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә