Хабар телеарнасы

Мұрнынан айырылған маңғыстаулық сәбидің анасына 1 млн теңге төленетін болды

Естеріңізге сала кетейік, осыдан 6 ай бұрын Бақыт Бекназарова мерзіміне жетпей босанып, шала туылған баласы тыныс алу аппаратына қосылған еді. Түтікшелер сәбидің танауындағы тінін зақымдап, некрозға ұласқан. Дәрігерлер іріңдеп, жараға айналған танауына операция жасап, алып тастады. Мұрны жоқ нәресте әлі күнге дейін ауруханада жатыр. Баласының болашағына алаңдаған ана дәрігерлерді сотқа беріп, мұрнын қалпына келтіру үшін 10 млн теңге талап еткен еді. Арнайы жүргізілген сараптама барысында дәрігерлердің де, анасының да айыпты екендігі анықталды.

Нұрсапа Примашов, қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы:

- Барлық жағдайды ескеріп, анасының да денсаулығына немқұрайлы қарағанын, баланың анасының бойында болғанда да біраз өзгерістердің болғанын, бала ерте дүниеге келгенін, дәрігерлердің де тарапынан кейбір олқылықтар орын алғанын ескеріп, 1 млн моральдық зиянды өтеуге негіз бар деп шештік.

Бақыт Бекназарова, Мұнайлы ауданының тұрғыны:

- Мен миллион теңгеге қанағаттанбаймын. Баламның жағдайын ауыр. Оның мұрнын емдетуге 1 млн теңге жетпейді. Таңдайын емдетуім керек. Баламды мүгедек қылды. Аппеляциялық сотқа шағымданамын.