Хабар телеарнасы

Қара жәшік Мәскеуге жөнелтіледі

Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің орынбасары Берік Камалиев айтты. Қара жәшіктегі жазбалар арқылы әуе кемесінің апатқа ұшырау себебі анықталады. Мәліметтер оқылып, алғашқы қорытындылар қаңтардың 10-ына дейін жариялануы тиіс. Ал апатты тергеу және зерттеу үшін халықаралық авиация комитетінің мүшесі Алматыға келмек. Fokker-100 ұшағын жіті білетін британдық мамандар да Қазақстанға шақырылған.

Талғат Ластаев, ҚР Азаматтық авиация комитетінің төрағасы:

- Bek Air әуе компаниясында тексеру өтеді. Ол біздің авиациялық әкімшілік бойынша тексеріледі. Қосымша оған эксперттер Ұлыбританиядан, Еуропа одағынан қосылады. Біз оларды алдын ала шақырдық.

Сондай-ақ брифинг барысында ішкі рейстерді орындау үшін әуе компанияларына ISOA қауіпсіздік жөніндегі аудитінің сертификаты міндеттелуі мүмкін екендігі айтылды. Еске салсам, 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап азаматтық авиация комитеті ішкі рейстер жасайтын әуе компанияларына қауіпсіздік аудитін өтуге талап қойған болатын. Бұған тек Bek Air компаниясы қарсы шығып, одан бас тартқан еді. Сол уақыттан бері ішкі рейстерді орындау үшін бұл аудиттің қажеттілігі болмаған. Енді қайғылы апаттан кейін дау тудырған мәселе қайта қаралмақ.

Берік Камалиев, ҚР Индустрия және ифрақұрылымдық даму министрінің орынбасары:

- Ішкі салада ұшатын авиакомпанияларға FlyArystan, QazaqAir компаниясы қосылып отыр. Сондықтан таяу уақытта біз бұл стандартты кіргізу жөніндегі жұмысты қайтадан қарастырамыз. Бұл жөнінде жұмысты біз әрі қарай жалғастырамыз.