Хабар телеарнасы

Ұшақ апатынан зардап шеккендерге халық жұмыла көмектесуде

Қазақстандықтар қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, ауруханада жатқандарға шама-шарқынша көмек қол созып жатыр.

Ұшақтың радардан жоғалғандығы жайлы ең алғаш ақпаратты сағат таңғы 09:00 шамасында Алматы халықаралық әуежайы өзінің Facebook парақшасында жариялады. Кейін араға бір сағат салып әуе лайнерінің апатқа ұшырағандығы жарияланды.

Құтқарушылар, жедел жәрдем қызметкерлері барлығы аяқтарына тік тұрып, апат болған жерде құтқару жұмыстарына кірісті. Әлеуметтік желіде осы мамандар мен зардап шеккендерге ыстық тамақ дайындап, халықтың жұмыла асарлатып жатқан видеосы да тарады.

Апат болғанынан хабар тарай бастаған сәттен спортшылар мен танымал саясаткерлер көңіл айту хаттарын да жолдай бастады. Кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин қаза тапқандардың жақындары мен туыстарына көңіл айтып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тілейтіндігі жайлы Twitter парақшасына жариялады. Соңынан ілесе аралас жекпе-жек шебері Қуат Хамитов та қаза болғандардың қайғыларына ортақтасты. Жақындарына қолдау білдірген Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов әуежайда кризистік орталық ашылғандығын және де ТЖД-ның шұғыл әрекет ету штабы құрылғандығын мәлімдеді.

Тағы Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев та өзінің Twitter парақшасында жолаушылардың туыстары мен жақындарына көңіл айтатындығын жазды.

Бақытжан Сағынтаев, Алматы қаласының әкімі:

- Алматы — Нұр-Сұлтан бағытындағы Z2100 рейстің қаза болған жолаушылардың туыстары мен жақындарына көңіл айтамын. Қаза болғандардың туыстарына барлық қажетті көмек, соның ішінде медициналық және психологиялық көмек көрсетілуде. Зардап шеккендер қалалық клиникаларға орналастырылуда.

Жедел штаб Талдықорғанда да құрылды. Оның құрамында өңірлік ТЖД, жергілікті әкімдік пен полиция қызметкерлері жұмыс істеп жатыр.

Азамат Жұртбаев, облыстық ТЖД ресми өкілі:

- Желілік телефон құрылған. Ол жерге 234 қоңырау келіп түскен. Онда ұшаққа отырған адамдардың туған-туыстары мәліметтерін сұрап жатыр.

Ал Ұлттық қоғамдық сенім кеңісінің мүшесі Арман Шораев болса, сағат 11:00-де халықты бірігуге шақырып, қан тапсыруларын сұрады. Аз уақыттың ішінде әлеуметтік желіде жұртшылықтың ұзын-сонар кезек құрып, қан қорын толтырғандығы айтылды.

Ал ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин сағат түскі 13:00-де халыққа алғысын білдіріп, шараның аяқталғандығын жазды. Бұл ақпаратты Денсаулық сақтау министрлігі де растады:

- Алматы мен Алматы облысының барлық медициналық ұйымы көмек көрсетуге дайын. Барлығы да қажетті дәрі-дәрмекпен және қан компоненттерімен толық жарақтандырылған. Халыққа шұғыл түрде қан тапсырудың қажеттілігі жоқ.

Ал апатқа ұшыраған Fokker-100 ұшағы тиесілі Bek Air компаниясы болса, өзінің ресми парақшасында мәліметті түскі 12-де жариялады:

- Құрметті қазақстандықтар! «Bek Air» әуе компаниясының атынан апатқа байланысты көңіл айтамыз. Қазір біз оқиға орнында жұмыс істеп жатқан қызметтерден ресми ақпарат күтіп отырмыз. Сол себепті белгісіз біреулерден келген хабарламаларға назар аудармауларыңызды сұраймыз. Өйткені олар алаяқтық сипатта болуы мүмкін. Өтінеміз, ресми ақпаратты күтіңіздер.

Тағы әлеуметтік желіде ұшақ ішінде отырып, аман қалған жолаушылардың посттары да болды.

Аслан Назаралиев, ұшақта болған жолаушы:

- Оң жақта апаттық шығу терезесі ашық болды. Біз сол арқылы ұшақтың қанатына шыға бастадық. Тайғанақ болғандықтан барлығы құлай бастады. Өзім де тіземді ауыртып алдым. Кейін бір-бірімізге көмектестік. Қараңғы болғандықтан телефонның жарығымен жүріп, зардап шеккендерді борттан шығара бастадық.

Ал бір жолаушының рейсіне ұйықтап қалғандығы жайлы мәлімет интернетте лезде тарады. Белгілі саясаттанушы Ербол Еділов өзінің Telegram каналында ұйықтап қалған жолаушы жеке компанияның сату жөніндегі директоры Асхат Өтепов екендігін жазды.

Ал жалпы бұл рейске 95 билет сатылған. Ұшақ бортына 93 адамның көтерілгені белгілі болды. Бір адам ұйықтап қалса, екіншісі отбасылық жағдайына байланысты ұшудан бас тартқан.

Авторы: Риат Шони