Хабар телеарнасы

Bek Air компаниясының жұмысы тоқтатылды

Енді осы апаттың анық-қанығы нақтыланғанға дейін компания жолаушыларды тасымалдай алмайды. Әуе компаниясының өзі бүгінгі апатта абдырап қалған сияқты. Апаттан кейін тек 4,5 сағаттан соң ғана алғашқы мәлімдеме жасады. Ал мамандар бүгінгі апаттың түрлі себебін айтып отыр. Оның ішінде адами фактор да, техникалық ақау да бар. Fokker-100 ұшағынан көрші Ресей неге бас тартты? Bek Air қауіпсіздік аудитінен өтпегені рас па?

27 наурыз 2016 жыл. Bek Air Fokker-100 ұшағы. «Қызылорда – Нұр-Сұлтан» бағытындағы әуе кемесі әуежайға алдыңғы шассисіз қонды. 116 жолаушы абырой болғанда аман қалды. Кейін осы үшін ұшақ пилотына «Халық қаһарманы» марапаты берілген-ді.

2014 жылы да осы маркалы ұшақ «Атырау – Алматы» бағытында ұшайын деп 350 метр жүріп барып, техникалық ақау үшін әуеге көтерілмей қойған еді. Ал Алматының алатаңындағы апатқа не түрткі болғаны белгісіз. Болжам көп, нақты пікір жоқ. Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр адами факторды жоққа шығармайды.

Роман Скляр, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

- Ұшар сәтінде ұшақтың артқы жағы бір емес, екі рет ұшу жолағына тиіп барып, сосын ғана әуеге көтерілген. Бұл пилоттың қателігі ме, әлде техникалық ақау ма, оны арнайы құрылған техникалық комиссия анықтайтын болады. Сондай-ақ ұшу жолағының да барлық талапқа сай екені анықталды.

Bek Air әуе компаниясы Қазақстан нарығына 90-шы жылдардың соңында шыққан. Қазір бұл компания ішкі рейстер бойынша ел ішінде екінші орында.