Хабар телеарнасы

Ақтауда «Еңбек» бағдарламасы бойынша 562 адам жұмысқа орналасты

Нұржан ерлердің шашын қияды, ал Әсел әйелдердің бетін әрлейді. Жалпы жыл басынан бері қалада 1313 адам «Еңбек» бағдарламасының шарапатын көрді. Бірі жұмысқа орналасып, енді бірі жеке кәсібін ашып жатыр.

Ерлі-зайыпты Нұржан мен Әселдің өмірі жақында түбегейлі өзгерді. Жаңаөзенде жұмыссыз жүрген олар бір айлық курс оқып, жұмысқа орналасты. Бір айдан бері Ақтаудағы сұлулық салондарының бірінде халыққа қызмет көрсетуде.

Нұржан Балтөрин, Ақтау қаласының тұрғыны:

- Қазір жұбайым екеуіміз жаймен адам санын көбейтіп жатырмыз. Күніне оншақты адамның шашын қиямын. Табысымыз жаман емес. Дегенмен құрал-жабдықтарды алу үшін қайтарымсыз грантқа құжат тапсырғалы жатырмыз. Болашаққа жоспар көп. Өз салонымызды ашсақ дейміз. Үш ұлымызды оқытып, бақытты өмір сүруіне жағдай жасағымыз келеді.

Құралай Байғалиева, оқу орталығының инструкторы:

- Нұржан мен Әсел курсқа алғаш келгенде, оларды оқыту қиын болатын шығар деп ойладым. Қателесіппін. Екеуі де епті, «үйренсем» деген қызығушылықтары басым болды. Сурдоаудармашының көмегінсіз-ақ, шаш қиюды үйреттім. Бүгінде жұмыстарын аса ыждахаттылықпен атқаруда. Ең бастысы сүйікті жұмыстары бар.

Қысқа мерзімді оқу курсында биыл 500-ден астам жұмыссыз әйел киім мен көрпе-жастық тігуді үйренді. Олардың басым бөлігі үйінен тігін шеберханасын ашып, кәсібін бастап та кеткен. Жас кәсіпкерлер қолынан шыққан дүниелерін көпбалалы аналарға, тұрмысы төмен отбасыларға тегін үлестіріп тұрады. «Ана мен бала» орталығында сәбилі болған 10 әйелге нәрестеге қажетті көрпе, жаялықтарды сыйға тартты. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының көмегімен дәнекерлеуші, есепші, аспаз, кондитер және массажист сынды 19 мамандық бойынша мыңнан астам тұрғын кәсіп игерді.

Жасұлан Сарпеков, Ақтау қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры:

- Сонымен қатар осы жолданған 1313 азаматтың ішіндегі 1162-сі аяқтап шықты. 562 жұмыссыз азамат жұмысқа орналастырылды. Қысқа мерзімді оқу курсын аяқтаған азаматтардың ішіндегі 32-сі Үкімет тарапынан қайтарымсыз гранттар, 100 және 200 АЕК көлемінде көмек алды.

Аталған бағдарлама бойынша тегін білім алған азаматтарға ай сайын 16 мың теңге көлемінде шәкіртақы да берілді. Келер жылы халық сұранысына орай мамандық санын арттыру көзделуде.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Саламат Бекбаев