Хабар телеарнасы

Көкшетауда мүмкіндігі шектеулі жандар жұмыспен қамтылады

«Шексіз жұмыс» деп аталатын ерекше жобаның аясында мүгедектер оқыту орталығында веб-дизайнер, SMM-менеджер секілді сұранысқа ие мамандықтарды меңгеріп, кейіннен сол кәсіп бойынша жұмысқа орналасады. Алғашқы сабақтар алдағы жылдың қаңтар айынан басталмақ. Осылайша бір жылдың ішінде 200 адамды тегін оқыту жоспарланып отыр. Әлеуметтік жоба авторлары жас кәсіпкер Абылай Исин мен Шыңғыс Жүсіпов қазірдің өзінде қаланың бірқатар кәсіпорын басшыларымен келісіп те қойған.

Шыңғыс Жүсіпов, оқыту орталығының менеджері:

- Оқу ақысын кәсіпорындар өздері төлейді. Себебі бұл мамандықтар оларға керек болып отыр. Оның үстіне кәсіпкерлер бұл жұмыстың қайырымды іс екенін де жақсы түсінеді. Сондықтан көбі тез келісе кетті. Қазір курсқа жазылу жүріп жатыр. Қаңтар айында оқытуды бастаймыз.