Хабар телеарнасы

Президенттік кадр резервіне енген жастарға сенім мол

Бұл – Президенттік жастар кадрлық резерві байқауының сараптама комитетінің отырысында бақылаушы болған саясаттанушы Данияр Әшімбаевтың пікірі. Оның айтуынша, мұндай іріктеу мемлекеттік қызметте ашық бәсекелестікке жол ашады.

Данияр Әшімбаев, саясаттанушы:

- Менің ойымша бұл бастама жалғасын табуы тиіс. Мұндай конкурс мемлекеттік қызметтегі кадрлерді жаңартуға, озық ойлы жас көшбасшыларды жұмылдыруға және оларды ынталандыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ мемлекеттік қызметте ашық бәсекелестік болады. Тағы бір айта кетерлігі, сыбайлас жемқорлыққа жол берілмейді деп ойлаймын.

Елдің ендігі болашағы Президенттік кадр резервіне енген жастардың қолында. Қазақстан дамыған 30 елдің қатарына қосылуды мақсат етіп қойды. Бұл межеге жету үшін адами капиталды жетілдіру керек. «Сондықтан мемлекеттік қызметкерлердің деңгейін, қабілет-қарымын арттыруда Президенттік кадрлық резерв жобасына артылар жүк ауыр» – дейді Президент жанындағы басқару академиясының вице-ректоры Айгүл Көшербаева. Себебі бұл тізімге тек білімі мен біліктілігін қатар шыңдаған таңдаулы жастар ғана кіреді.

Айгүл Көшербаева, ҚР Президенті жанындағы басқару академиясының вице-ректоры:

- Президенттік кадрлық резервке кірген кандидаттар ең талантты, қабілеті көп жастар болып саналады. Олар негізгі проблемаларды шешу және стратегиялық мақсатқа жету, эмоционалды интелектілері өте жоғары болып табылатын адамдар болады деген сенімдеміз.