Хабар телеарнасы

Электр тораптарын цифрландыру қарқынды жүріп жатыр

Соған сәйкес Алматы мен Алматы облысының бірқатар ауданына энергия жеткізуші «Алатау жарық компаниясы» диспетчерлік бөлімшені қайта құрылымдау жобасын іске асырды.

Компания өндірістік жұмыстарды цифрландыруды қарқынды жүргізіп келеді. Қазақстанда алғашқы болып алты ауданда диспетчерлік бөлімшені жедел-ақпартаттық кешендермен жарақтандырды.

Жазира Оқас, «АТІ Group» компаниясының инженері:

- Қазір осы бағдарламаның арқасында барлық сигналды қазіргі дәл уақытта көре аламыз және диспетчерлер орнында отырып жұмыстарын істей алады. Толығымен автоматтандырылған десек те болады.

Осы бейнеқабырға арқылы диспетчер керекті трансформатор жайында барлық мәліметті біліп отырады. Энергия нысандарындағы телеметриялық деректер орталық диспетчерлік пунктке беріліп, барлық технологиялық процесс қадағаланады.

Берік Сағындықов, «Алатау жарық» компаниясының бас инженері:

- Апаттық ескерту жұмыстары тездетілді. Себебі осыған дейін қоңырау шалатын. Олар адам жібереді. Ал қазіргі кезде өз орнынан станцияның трансформаторын қосуға болады.

«Самұрық-Энерго» АҚ мамандарының айтуынша, цифрлық технологияларды енгізу арқылы өндірістің қуаты артады. «Сөйтіп, электр торабындағы тоқ кернеуі тұтынушыларға кедергісіз жетіп, әр үйде жарықтың негізсіз сөнбеуін қамтамасыз етеді», – дейді компания мамандары.

Авторлары: Алмас Сәдуақас, Эдуард Кон