Хабар телеарнасы

Қазақстан мен Қырғызстан тауар айналымын 1 млрд долларға жеткізуді көздеп отыр

Биыл бірлесіп асырылған жобалар мен азық-түлік өнімдері саудасының арқасында екіжақты байланыстар нығая түсті. Еуразиялық экономикалық одақ аясында да елдеріміз арасында ынтымақтастығымыз дамып келеді.

Бұл – Нарын облысында жаңадан салынған кедендік бақылау бекеті. Рентген-аппараттары, мониторинг және онлайн түрінде ақпарат алмасу жүйелерімен жабдықталған. Өткен жылы шекара арқылы өтетін тауарлардың тиісті есебін жүргізбегені үшін Қырғызстан жағына сын айтылған болатын.

Мухаммедкалый Абылгазиев, Қырғызстан Премьер-Министрі:

- Бұл экономикамыз үшін өте маңызды. Біз сыбайлас жемқорлықпен күрес жүйесін реттеуіміз керек. Арнайы бұл мақсатта осы бекеттен түсірілген барлық бейнедерек менің жеке кабинетіме түсіп тұрады. Мұның бәрі цифрландыру бағдарламасы аясында жүзеге асып отыр.

Қырғызстан Қазақстаннан металлопрокат, құрылыс материалдары, химиялық бөлшектер, отын мен азық-түлікті импорттайды. Ал өз жағынан елімізге күкірт, әктас пен тау жыныстарын жеткізеді. Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарына ауылшаруашылық өнімдерін экспорттайды. Енді өзара саудамызды оңтайландыру мақсатында ақпарат алмасудың электронды жүйесі құрылмақ.

Кубанычбек Шатемиров, Ақпараттық технологиялар комитеті төрағасы орынбасары:

- Екі ел бизнесі арасындағы өзара әрекеттесу деңгейі жоғары. ЕАЭО мүмкіндіктерін қолданып, атап айтқанда бірлескен ақпарат жүйесінің көмегімен кеден қызметтері секілді шекараларымыздағы тауар қозғалысын бақылайтын құрылымдарымызға жағдай жасап, бизнесіміздің жұмысын жеңілдетпекпіз.

Осы жылдың қорытындысы бойынша, ЕАЭО аумағында Қырғызстанның сыртқы сауда айналымында Қазақстан Ресейден кейін екінші орында тұр. Қазақстанның үлесіне 32% тиіп тұр. Осы көрсеткіштерді одан әрі арттыру мақсатында Қазақстан Президентінің Қырғызстанға сапары барысында шекарамыздағы ең ірі екі бекетті кеңейту туралы келісім жасалған болатын.

Авторы: Бақыт Чермашев