Хабар телеарнасы

Мәжіліс маусым басынан бергі жұмысын қорытындылады

Осы уақыт аралығында 77 құжат қарауға алынып, 36 заң жобасы мақұлданды. Бірінші кезекте халықтың хал-ахуалын жақсартып, тұрмысын түзеуге сеп болатын маңызды заң жобалары мақұлданғаны айтылды. Ал қаңтардың 5-інен Мәжіліс депутаттары өңірлерге сапарын бастайды.

Ең бастысы, қарапайым халыққа қажетті, олпы-солпы емес, сапалы заңдар. Елдің өсіп-өркендей түсуіне керегі де осы. Заңнаманың барлығы әлеуметтің таршылықта емес, баршылықта өмір сүруіне бағытталған. Маусым басынан 77 заң жобасы қарауға алынса, оның 36-сы мақұлданған. 7 үкіметтік сағат жаңа форматта өткізілді. 100 депутаттық сауал жолданып, комитеттердің көшпелі 5 отырысы, халықаралық бірнеше конференция өткізілді. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин елеп-екшелген құжаттар Президент жолдауын заңнамалық қолдау мақсатында әзірленгенін де атап өтті.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

- Ең алдымен, халқымыздың әл-ауқатын күшейтуге ерекше назар аударылды. Соның арқасында тікелей әлеуметтік-экономикалық маңызы бар бірқатар заң қабылданып, оны жүзеге асыру үшін нақты қадамдар жасалынды. Осы жолда біз Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев белгілеп берген стратегиялық бастамаларды басшылыққа алдық. Сонымен бірге сессияның ашылуында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев алға қойған мақсаттар біздің басым бағыттарымыз болды.

Мәнге де, маңызға да ие мақұлданған заң көп. Қарамағындағы қызметкерін қара басып, жемқорлық иектесе, тікелей басшысын жауапқа тарту заңмен бекіді. Елбасының бастамасымен «Ұстаз мәртебесі» жайлы заң да сүзгіден өтті. Адамшылықтың өлшемімен мұғалімге бедел әперген құжат негізінде педагог қосымша әлеуметтік кепілдемемен қамтылады. Жүктеме жеңілдеп, есеп беру азаяды.

Бекболат Тілеухан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- 6-баптың 2-тармағында: «Педагогтың оның кәсіптік міндеттеріне байланысты емес жұмыс түрлеріне тартуға жол берілмейді», – деп жазылған. Әрине, жақсы ғой. Енді заң жобасының 15-бап 7-тармақшасында: «Педагог қоғамның әлеуметтік, мәдени, экономикалық дамуына жәрдемдесуге міндетті», – дейді.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:

- Шын мәнінде бұл кемшілікті мойындаймыз. Екінші оқылымға дейін сіздің ұсынысыңызды қабылдайтын боламыз.

Енді заң жүзінде шағын және орта бизнестің корпоративті табыс салығынан түсімдер жергілікті бюджеттерге берілмек. Президенттің тапсырмасымен күш қолдану, бала зорлығы, адам саудасы, есірткі тарату, тұрмыстық зорлық секілді қоғам кеселіне айналған қылмыстарға жаза заңмен қатаңдатылды.

Қуаныш Сұлтанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Сау адам нәрестеге зорлық жасай ма? Осыған байланысты қоғамның салғырттығы білінеді. Олардың құқықтарын күшейтіп отырмыз.

Марат Ахметжанов, ҚР Бас прокурорының орынбасары:

- 14 жасқа толмаған балаларға қарсы жыныстық сипаттағы қылмыстар үшін тек қана 20 жыл бас бостандығынан айыру немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы ұсынылып отыр.

Әлеуметті әлдендіретін заңдарды бұлжытпай орындауда бюджет жайлы заңның да жөні бөлек. Тындырылған іс көп. Осындайда «халықтың сенімін ақтаудан артық абырой жоқ, болуы да мүмкін емес» деген Елбасының тағылымды сөзі еріксіз ойға оралады.

Индира Жылқайдарова, тілші:

- Ашықтық пен жариялылықты ту еткен Мәжіліс биыл барлық отырысты жаңа форматта онлайн өткізді. Жаңа жылда да алар асулар ауқымды, жоспар тың. Депутаттар қаңтардың басынан өңірлерге сапарлайтын болады. Президент жолдауының орындалуын заңнамалық тұрғыда жүзеге асыру барысын халыққа түсіндіріп, жұртшылықтың мұң-мұқтажын тыңдап қайтатын болады.

Авторлары: Индира Жылқайдарова, Азамат Сәметов