Жамбыл облысы жастары «Бастау» бизнес жобасын ұтымды пайдалануда

Биыл 200-ден астам адам «Бастау» бизнес жобасымен оқып, бірқатары мемлекеттік қаржылай қолдауға ие болды. Дені мал шаруашылығына бет бұрған. Қазір шағын бизнеспен өндірілген өнімдердің ішкі нарықты қамту үлесі артып отыр.

Ауылда кәсіп бастағандардың бірі – Нұрдәулет Жұмағұлов. Жас кәсіпкер бұған дейін 10 жыл бойы қалада жұмыс істеп, тәп-тәуір табыс тапқан. Алайда туған жерге деген сағынышы басым түсіп, ауылда іс бастады. «Бастау» бизнес жобасымен оқып, 6 млн теңге жеңілдетілген несие алды. Оған 20 бас жылқы сатып әкелді.

Нұрдәулет Жұмағұлов, кәсіпкер:

- 5 жылға алдым. Әр сайын сайын пайызын беріп тұрамыз. Ал негізгі соманы келесі жылы төлейміз. 2 жыл демалысы бар. Оған дейін төлін өсіріп, байлап, ақшасын дайындап қоямыз.

Қазір өндіріп отырған еті мен сүті көршілерінен артылмайды. Сұраныс өте жоғары. Кәсіпкер бүгінгі күнге дейін жергілікті нарыққа 5 тоннадай ет шығарған. Жалпы Тұрар Рысқұлов ауданы бойынша биыл 29 жасқа дейінгі жастарға 10 грант қарастырылып, 20 млн-нан астам теңге қайтарымсыз қаржы берілді. Одан бөлек қосымша жоба ұсынған тұрғындар да қамтылып отыр.

Бақытжан Қалыбаев, Тұрар Рысқұлов ауданы әкімінің орынбасары:

- Қазіргі таңда 325 адам өтінім берді. Ал 225 адамды оқытып ,сертификатты табыстадық. Сертификат берген 125 адамның қазір 75-і несие алды. Қазір бізде ауданда 4300-дей шағын және орта кәсіпкерлер бар. Сол 4300 кәсіпкерге қазір қайтадан талдау жасап отырмыз.

Жалпы облыста бүгінде 70 мыңға жуық шағын және орта кәсіпкерлік нысаны тұрақты жұмыс істеп тұр. Онда 125 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Биыл осы шағын кәсіпорындарда 167 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, қызмет көрсетілген.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә