Хабар телеарнасы

Жамбыл облысында биыл 65 медициналық нысан ел игілігіне берілді

Енді тұрғындар өз ауылдарында емделе алады.

Тұрар Рысқұлов ауданындағы Көкдөнен ауылының тұрғындары ерекше қуанып жүр. Бұған дейін жергілікті жұрт ескі әрі тар ғимаратта ем қабылдап келген. Тіпті кейбір жағдайда аудан, облыс орталығына қатынауға мәжбүр болатын.

Дүйсекүл Бекпанова, Жақсылық ауылының тұрғыны:

- Луговойға барған да оңай емес. Өзімнің денсаулығым жоқ. Бұл жер өте ыңғайлы. Ауылдың ішінде, жолдың бойында орналасқан. Жаңадан ашылды. Өзіміз қуанып жатырмыз.

Жаңа амбулаторияда Жақсылық пен Көкдөнен ауылдарының 4 мыңға жуық халқына қызмет көрсетіледі. Мұнда бірден 15 келушіні қабылдауға мүмкіндік бар. Толықтай заманауи медициналық құрал-жабдықтармен жарықтандырылған. Биыл ауданда жалпы құны 178 млн теңгеге 9 амбулатория бой көтерді.

Гүлзат үкібаева, Тұрар Рысқұлов аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

- Ауданымыздағы мамандарымыз бұрын ыңғайластырылған ғимараттарда қызмет жасап жатқан болатын. Былтырғы жылы берілген 5 дәрігерлік амбулатория мен биылғы 9 нысанымыз сол қажеттіліктердің біраз орнын толтырды. Скринингтердің барлық түрі ауылдық жерлерде көрсетіле береді және де электрокардиограф аппараттарымен қамтылған.

Екі жыл бұрын облыста талдау жүргізіліп, 95 санитарлық көмек көрсету нысандарына қажеттілік анықталған. Мәселені шешу үшін арнайы жол картасы әзірленді. Аймақта жекеменшік әріптестік қағидаларын қолдану нәтижесінде құрылысқа жұмсалатын қаражат екі есеге дейін үнемделді. 6 млрд 200 млн теңгеге салынуы тиіс нысандар 3 млрд теңгеге тұрғызылды. Осының арқасында алғашқы санитарлық көмек қолжетімді бола түсті.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә