Хабар телеарнасы

Қазақстанда жаңа экологиялық кодекс әзірленді

Жаңашылдық негізгі 7 қағидаттан тұрады. Осылайша алдағы уақытта мемлекет табиғат пайдаланушыларға экологиялық айыппұл төлетпей, қоршаған ортаны ластауға жол бермейтін шараларды қолдануға жағдайлар жасауы тиіс. Бір сөзбен айтқанда, «превенция» механизмін қолданбақ. Сонымен қатар экологияға зиян келтірген ластаушы қоршаған ортаны бастапқы қалпына келтіруге міндетті. Тағы өнеркәсіп орындарына зиянды заттар көлемін азайтатын технологиялар ұсынылады. Оны қолданған кәсіпорындар эмиссия үшін төлемнен босатылады.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:

- Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымдарының тәжірибесін ескере отырып, заңнамалық реттеудің қосымша шараларын қамтамасыз ету үшін жаңа экологиялық кодекс әзірленді. Оның басты қағидаты ластаушы төлейді, ластаушы қалпына келтіреді. Кодексте қоршаған ортаны ластағаны үшін айыппұл төлегенше, кәсіпорындарға өндірісті жаңғыртуға жаңа технология қаражат салуға тиімді болу үшін жағдай жасалуда. Сондай-ақ кодекс жобасында ластаушы кәсіпорындарын қоршаған ортаға зиянды заттар шығындарының көлемін үнемі қадағалауға мүмкіндік беретін автоматтандырылған платформа құру көзделген. Осы және басқа да шаралар экологияны жақсартуға әрі халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған.