Берік Уәли Мемлекет басшысының 9 айдағы қызметін қорытындылады

Мемлекет басшысы 20 наурыздан бастап еліміздің әр аймағына арнайы барды, тіпті кейбір өңірлерге қайтара сапар жасады. Мемлекетаралық ынтымақтастықты нығайту үшін шетелдерге шығып, 100-ге жуық халықаралық кездесу өткізген. Ақордада Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Тоқаевтың 9 айдағы қызметін қорытындылады.

Наурыздан жетоқсанға дейін. Яғни қазақтың жаңа жылы мен күнтізбелік жаңа жылдың аралығы. Мінсіз дипломаттың саясаттағы сын сағаты басталған сәт. Тағдыршешті тоғыз ай. Нәтижесі айтылды. Тіпті Ақордада Президенттің қанша шақырым жол жүргенін дәлдікпен санап шығыпты. Минутына дейін.

Берік Уәли, ҚР Президентінің баспасөз хатшысы:

- Қазақстан Президенті биылғы 9 айда 112 796 шақырым жол жүрді. Оған 181 сағат 36 минут уақыт кеткен. Ел ішіндегі атқарған шараларға тоқталатын болсақ, Президенттің қатысуымен жалпы 463 іс-шара өтті. Қасым-Жомарт Кемелұлы еліміздің аймақтарына 25 рет жұмыс сапарымен барды. Кейбір облыстарға тіпті екі реттен барғанын білесіздер. Қасым-Жомарт Кемелұлы ҚР Президенті қызметіне кіріскелі бері 249 мемлекеттік орган басшыларын, Парламент депутаттарын, саясаи партиялар мен қауымдастық өкілдерін және жеке тұлғаларды қабылдады. Сондай-ақ Мемлекет басшысы 31 елдің басшысымен телефон арқылы сөйлесті.

Көп сөйлескеннен, бір көрген артық. Мемлекет басшысы Өзбекстанға, Ресей мен Қытайға сапарлады. Алыс АҚШ-қа да барды. Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Президенті атанған соң араға 6 ай салып БҰҰ Бас ассамблеясының мінберінен сөйледі. «Сүй» деді де, млн-даған отандасының өмірін жақсарта түсуге уәде етті. Ендігі бағыт – еуропалық одақ. Жақындағы Германияға сапар – соның дәлелі.

Баспасөз хатшысы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының орындалып жатқанын да айта өтті. 1 тамыздан бері Президенттің қабылдауына 15 669 өтініш келіп түссе, соның 4025-і виртуалды қабылдау арқылы қабылданған. 20 наурыздан бері Қасым-Жомарт Тоқаев 45 заңға, 226 жарлыққа, 68 өкімге қол қойыпты.

Берік Уәли, ҚР Президентінің баспасөз хатшысы:

- Педагог мәртебесі туралы заң жобасы Парламент Мәжілісінің қарауына енгізу туралы қаулы қабылданды. Мұғалімдер мен оқушылардың жағдайын жақсарады. Ұстаздардың жалақысы өседі.

Арыс. 2019 жылдың ең ауыр оқиғасы. Күллі Қазақстан «Біз Арыспен біргеміз» деп күңіренді. Осы оқиғаға елеңдеген Президент елордада қалған жоқ. Сол күні-ақ кешке апат орнына ұшып барды. «Бәрі жақсы болады» деген бір ауыз сөз халықтың күпті ойын су сепкендей басқаны бар.

Берік Уәли, ҚР Президентінің баспасөз хатшысы:

- Жергілікті билікке тікелей тапсырмалар берді. Бүкіл БАҚ ақпарат таратты. Еліміздің бүкіл өңірінен 7 млрд теңге қаржы жиналды, 7,5 мың тұрғын үй мен әлеуметтік нысандар қалпына келтірілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР екінші Президенті ретінде көптеген шетелдік БАҚ-тың қызығушылығын тудырды және Президент көбісінің көкейіндегі сұрақтарға ашық жауап берді. Тоқаевтың Twitter парақшасында белсенділігін көбісі біледі. 2011 жылдан бері оны 137 мың адам оқиды. Өткен 9 айда ол 862 твит жариялапты. Ал Қасым-Жомарт Тоқаевтың Instagram желісіндегі парақшасына млн-ға жуық жазылушы тіркелген.

Ал Ақордадағы есеп беру жиыны салтанатты нотамен аяқталды. Мемлекет басшысының баспасаөз хатшысы Берік Уәли бір топ журанлисті Президенттің «Алғыс хатымен» марапаттады. Олардың арасында біздің әріптестеріміз Зарина Ахметжанова мен Иван Тулинов те бар.

Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Азамат Сәметов, Жандос Битабаров