Хабар телеарнасы

Елордада Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 2-отырысы басталды

Қыркүйектің басында өткен алғашқы жиында Мемлекет басшысының алдына қоғамның ең өзекті мәселелері шығарылған болатын.

Шынар Асанқызы, тілші:

- Нақты нендей тақырыптар қозғалатынын біз жиын барысында білетін боламыз. Бірақ бір нәрсе анық, Кеңес мүшелері бұл жолы да нақты ұсыныстарымен келуі тиіс. Өйткені бұл жеңіл-желпі мәселені үстірт шолып шығатын жиындардың бірі емес. Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру туралы шешім шығарған кезде-ақ бұл туралы анықтап айтқан болатын. Кеңеске мүше ретінде халықтың арасында жүрген, солардың бүкіл мұң мұқтажын білетін азаматтардың іріктеліп алғаны да сондықтан. Кеңес мүшелері экономикалық, әлеуметтік және саяси мәселелер бойынша үш топқа бөлінген. Отырыста әрбір топтың мүшелері шығып, өз ұсыныстарын Президентке айтатын болады. Естеріңізде болса, 6 қыркүйек күні өткен отырыста халық атынан сөйлеген өкілдер митингтер туралы, саяси партиялар мен сайлау және БАҚ туралы заңға өзгеріс енгізуді көтерген болатын. Мемлекет басшысының алдында мұндай өткір мәселелерді көтере алады, демек, аталған кеңесті «бұқара мен билік арасын байланыстыратын көпір» деп сеніммен айтуға болатын шығар. Сондықтан бұл жиыннан да күтеріміз көп.