Хабар телеарнасы

Мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндерге арналған мерекелік шара өтті

Жасыл шырша жанына бірінші болып мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндер жиналды. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мәліметінше, шаһар бойынша 1269 мүгедек бала бар. Оның 60-ы мерекелік кешке қатысты. Жиналғандар ертегі кейіпкерлерімен бірге шаттанып, өз өнерлерін ортаға салды. Әрбір бала шырша кешінен көтеріңкі көңіл-күй, жағымды әсер мен арнайы сыйлық алып қайтты.

Нәсіп Батырашева, Орал қаласының тұрғыны:

- Бұл – менің жиенім Елдана Өтемісова. Бір жасқа толғаннан бәріне барып жүрміз. Рахмет айтамын. Осындай шаралар керек. Себебі балалар мұнда ойнайды, жүретіндері жүреді.

Ерлан Ғалиев, Орал қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы:

- Осындай шараларды ұйымдастырып, балаларды қуантуға тырысамыз. Кейбіреулерінің сыйлықтарын үйлеріне дейін апарып беруге тырысамыз. Бізде еріктілер бар. Олар да өз жұмысын жақсы жасап жатыр. Жалпы қаланың барша кәсіпкерін осы шараны қолдауға шақырамыз.