Хабар телеарнасы

Биыл заңсыз шырша кесу дерегі тіркелген жоқ

Тәртіп сақшылары мен қорықшылар күн-түн демей, кезекшілік атқарып, табиғат аясындағы қылқан жапырақты ағаштардың кесілмеуін қадағалауда. Қазір сауда орындарында тек Ресей елінен әкелінген шыршалар саудаланып жатыр. Жалпы айта кету қажет, өңірде соңғы 50 жылда екі азамат заңсыз шырша кескен браконьерлердің қолынан қаза тапқан екен.

1969 жыл. Ол кезде 12-14 жастағы Сәуле мен Роза Жаңа жыл мерекесіне дайындалып жатқан еді. Бірақ ертесіне үйге суыт хабар жеткен. Орман қорықшысы болып қызмет еткен әкесі Есмақан Махметов браконьердің қолынан қаза табады.

Осылайша кейін отбасындағы балалардың барлығы әке жолын қуады. Қазір қолдары қалт етіп босаған жағдайда апалы-сіңлілер орманға шығып, табиғат аясында серуендеуге тырысады. Осылайша әкеге деген сағыныштарын басады.

Роза Тілеуова, «Қызылжар орман шаруашылығы» мекемесінің инженер-орман патологы:

- Үлкен ағамыз спортта жүріп, орман шаруашылығына ауысты. Ініміз де осы жолды таңдады. Жолдасым да осы салада. Егер барлығымыздың еңбек өтілімізді қоссақ, 100 жылдан асады екен. Қазір енді бұрынғыдай шырша ағаштары заңсыз кесіле бермейді. Оған тосқауыл қою үшін заң да қатайды, мамандарға да бар жағдай жасалып жатыр.

Бүгінде мереке қарсаңында табиғат жанашырлары күзетті күшейтті. Енді тәртіп сақшылары мен қорықшылар қылқан жапырақты ағаштарды сақтап қалу үшін 31 желтоқсанға дейін күні-түні кезекшілік етеді. Браконьерлердің жолын кесу үшін аймақта 30-ға жуық стационарлық бекет пен 14 мобильдік топ құрылды.

Қайрат Қалықов, «Қызылжар орман шаруашылығы» мекемесінің директоры:

- 1 желтоқсаннан бастап күшейтілген режимде жұмыс жасайды. Өйткені жаңажылдық мереке қарсаңында орман алқаптары, соның ішінде қарағайлы алқаптар заңсыз ағаш кесу әрекетіне көптеп легеді. Сондықтан да қаланың маңайында, аудан аумағында стационарлық күзет бекеттері орнатылады.

Жалпы өңірде заңсыз шырша кескендердің үстінен түскен екі қорықшы браконьерлердің қолынан қаза тапқан екен. Солардың бірі – Есмақан Махметов. Табиғат жанашырының есімі болашақта Бескөл ауылындағы көшелердің біріне берілмек. Қазір тиісті құжаттар рәсімделіп жатыр.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов