«FlyArystan» авиакомпаниясының алғашқы ұшағы Қостанайға келіп қонды

Алғашқы отандық лоукостер қызметін пайдаланған жолаушыларды облыс әкімінің өзі бас болып, бар салтанатпен қарсы алды. Шашу шашылып, қызыл лента қиылды.

Қостанай әуежайы. Түскі сағат 11:30. Елордадан ұшып шыққан әлеуметтік авиакомпанияның ұшағы алғашқы рет Тобыл өңірінде табан тіреді. Қарсы алушылардың, жолаушылап келгендердің де көңілі шат.

Кенже Қонысбай, Қостанай қаласының тұрғыны:

- Өте жақсы жеттік. Ең бастысы, қолжетімді бағамен көзді ашып-жұмғанша елордаға келе қалдық. Ұшақ өте жайлы, жаңа, борт қызметінің бәрі талапқа сай.

184 орындық «Airbus A320» ұшағының салоны кең, жайлы екендігіне біз де көз жеткіздік. Ең бастысы, билет бағасының арзандығы, яғни Елордаға дейін 6 мың теңгені ғана құрайды. Екі бағытқа күніне бір рейс жасалады. «FlyArystan» әлеуметтік авиакомпаниясы мұнымен шектеліп қалмақ емес. Алдағы жылы басқа да өңірлермен әуе қатынасын орнатуды көздеп отыр.

Жанар жайлауова, «FlyArystan» әуекомпаниясының сату және маркетинг жөніндегі директоры:

- Қазіргі Нұр-Сұлтан қаласынан басталған бағытымыз бойынша келешекте Алматы, Қарағанды, Ақтөбе қаласынан да ашуға тырысамыз.

Қостанай әуежайының ұшып-қону жолағы былтыр жаңартылып, ұзартылған болатын. Қазір 200 тонналық ұшақтарды қабылдауға мүмкіндік бар. Келесі кезекте әуежай ғимаратын жаңғырту мақсаты тұр.

Архимед Мұхамбетов, Қостанай облысының әкімі:

- Қазіргі кезде жобалық-сметалық құжаттары дайындалып жатыр. Сосын мердігермен анықталып, мамыр айында жөндеу жұмыстарын бастаймыз. Терминал 1,5 есеге ұлғайтылып, жолаушылар легін біршама арттыруға мүмкіндік туады.

Осы ұшақпен Қостанайдан Нұр-Сұлтанға бет алған алғашқы жолаушыларды әлеуметтік авиакомпания қалыптасқан дәстүр бойынша африкалық барабан әуенімен шығарып салды.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг