Алдағы 4 жыл ішінде педагогтардың жалақысы 100% артады

Бұл жаңашылдық ведомство басшысы министрлер кабинетінде таныстырған 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламаға енген. Тағы алдағы уақытта білім мен ғылымға жұмсалатын шығындар жалпы ішкі өнімнің 7% дейін өсетіндігі белгілі болды. Мектептер мен балабақшалардың директорларын жаңа жүйе бойынша тағайындау көзделген. Ал алдағы 3 жылда мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруға 1 трлн 466 млн теңге бөлінді.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:

- Соңғы кезде білім беру мекемелерінің басшыларын тағайындауға қатысты сұрақтар көбеюде. Мысалы бірқатар ұйым басшылары 20 жылдан артық бір орында жұмыс атқаруда. Басқару менеджменті бойынша да бүгінгі күні шынын айту керек, сұрақтар көп және бұл мәселе сын көтермейді. Сондықтан балабақша, мектеп, колледж директорларын жаңа жүйеде тағайындайтын боламыз. Оған қоса алдағы уақытта ротациялау арқылы ауыстыру жүйесінде де қолданатын боламыз.