Өскеменде еліктің лағы көліктің астына түсіп мертігіп қалды

Ветеринарлар бірден рентгенге түсіріп операция жасады. Мамандардың айтуынша, жас еліктің мойын омыртқасы жарақаттанған. Басқа он екі жілігі сау. Тек көліктің қатты соққысынан еті жаншылған. Мамандар толық ветеринарлық тексеруден өткізіп, қанына да сараптама жасап үлгерді. Қазір жіті клиникалық бақылауда. Өз бетімен қоректене алмайтындықтан, тамырдан сұйықтық құйып жатыр. Дегенмен, дала тағысы жазыла ма, жоқ па? Ол туралы дәрігерлер әзірше ешқандай болжам айта алмай отыр. Ал жаралы елікке қажетті ем-дом алу үшін қаладағы еріктілер қаржы жинауда. Бүгінге дейін 200 мыңнан астам теңге жиналған.

Сергей Бердников, қала тұрғыны:

- Телефондағы Whats App желісіндегі топқа қалада еліктің көлікке соғылып, жолда жатқаны туралы хабар түсті. Бірден сол жерге бардым. «Өліп қалған шығар» деп ойладым. Тірі екен. Полиция қызметкерлеріне айтып, осы емхана әкелдік.

Ольга Гудкова, ветеринар:

- Егер еріктілер елікті дер кезінде әкелмегенде, ол өліп қалар еді. Жағдайы өте ауыр болды. Қатты соққыдан мойын омыртқасы, ішкі тамырлары жарылып қан кеткен. Қазір қажетті ем-домды жасап жатырмыз.